Аша Матай «Қалаулым» бағдарламасына қатысты құпияны мәлім етті
Тележүргізушінің айтуынша, атышулы бағдарламаның редакция қызметкерлеріне бандиттер келіп, қоқан-лоққы көрсеткен.
Танымал әнші, актриса, тележүргізуші Аша Матай атышулы бағдарламаның ел білмейтін құпиясын ашты. Бұл туралы ол «Taboo» подкастында айтты, деп хабарлады turkystan.kz stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Өнер иесі – қоғам наразылығын тудырған «Қалаулым» бағдарламасының экс жүргізушісі.
«Атышулы бағдарламаға дейін атым шығып, ел танып жатты. «Аша Матай» брендінің танылғанына – 20 жыл. Түрлі отандық арналарда жұмыс істедім. «Бір болайық» пен «Қосылайыққа» да жүргізуші болуға ұсыныс түсті. Бірақ бас тарттым. Өйткені әр жұмыстың өзінің шығар биігі болады. Мен «Қалаулымда» сол биікке көтерілдім. Мақсатым орындалды. Одан кейін қайтып барып, сүйкімімді кетіргім келген жоқ. Ол жобаны жақсы көремін, әріптестерімді сыйлаймын. Кішкентай балам секілді. Қатысушылармен де қарым-қатынасымыз жақсы. Өздерің де естіген боларсыздар, қаншама қоғамда наразылық тудырды. Маған неше түрлі сөз айтылды. Оның бәрін көтеру оңай емес. Тіпті, өнерде сыйласып жүрген аға-әпкелерім де мені жамандады. Бір жолыққанымызда «Саған емес, бағдарламаға қарсымыз» деп ақталды. Ал ол бағдарламада да менің қолтаңбам бар еді. Бәрі өткен уақыттың еншісінде қалды», – деп жауап берді өнер иесі.
Тележүргізушінің айтуынша, атышулы бағдарламаның ел білмейтін құпиясы көп көрінеді. Тіпті, бандиттер келіп, редакция қызметкерлеріне қоқан-лоққы көрсеткен.
«Бағдарламаны жүргізбеуім үшін қомақты қаражат ұсынған кісілер де болды. Қанша қаражат екенін айтпай-ақ қояйын. Сол кезде өте көп сумма. Бір жағынан сол үшін де жобаны жүргізудің қажеті жоғын түсіндім. Бір емес, бірнеше рет жүргізушіліктен бас тарту туралы әңгіме қозғалды. «Сенің орныңа басқа жүргізуші таптық, егер келісең ақша береміз, рақметімізді айтамыз» деді. Тікелей эфир жүріп жатқанда бандиттер кіріп келіп, редакция қызметкерлерімен төбелескен. Жедел жәрдем келіп, алып кеткен де шығарылым болған. Бәрі шынайы еді. Ал жұрт оған сенбейді», – деп ағынан жарылды өнер иесі.