Екі павлодарлыққа оқ атқан подполковник шенінен айырылды

Сотта ер адамның жасаған қылмысы ауыр қылмыс санатына жататыны, ол үшін заңда балама жазалар қарастырылғаны айтылды.

Екі павлодарлыққа оқ атқан подполковник шенінен айырылды
Zakon.kz
1575

2 ер адамға газ тапаншасынан бірнеше рет оқ атқан Ішкі істер министрлігі қызметкеріне үкім шығарылды. Бұл туралы Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті. 

Соттың ресми сайтының мәліметінше, бүгін 6 наурызда Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің оқу орталығы, кадр саясаты бөлімінің бастығына қатысты бұзақылық фактісімен Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Қаңтар айында Павлодар қаласы Сұрағанов көшесінде орналасқан бильярд клубының алдындағы көлік тұрағында ІІМ қызметкері бұзақылық ниетпен газды тапаншаны қасақана пайдаланып, екі жәбірленушіге бірнеше рет оқ атқан, олар оның әрекетінен қауіптеніп, одан қашып кеткен, – деп жазылған сот хабарламасында.

Кейін ІІМ қызметкері оқиға орнынан кетіп қалған. Сотта ер адамның жасаған қылмысы ауыр қылмыс санатына жататыны, ол үшін заңда балама жазалар қарастырылғаны айтылды. Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, куәлар мен жәбірленушілердің айғақтарымен расталды.

Жеңілдететін мән-жай ретінде ер адамның асырауында үш жас баласының болуы, ал ауырлататын мән-жай ретінде берген антын бұзған адамның қылмыстық құқықбұзушылық жасауы деп көрсетілген. Сот ер адамды кінәлі деп тауып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сондай-ақ ол "полиция подполковнигі" арнайы шенінен айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары