Желіде 5G бағаналары денсаулыққа қауіпті екені туралы ақпарат тарады

Редьконың 5G ұялы байланыс бағаналары адам үшін қауіпті деген пікіріне ғылыми негіз жоқ

Желіде 5G бағаналары денсаулыққа қауіпті екені туралы ақпарат тарады
stopfake.kz
893

Қазнетте тараған видеода Александр Редько ұялы байланыс бағаналарының адамға әсері жайлы айтады. Ол 5G бағаналарын меңзеген болуы мүмкін. Оның сөзінше, бағаналардың маңында 40-60 минут тұрса, қан қысымы көтеріліп, есте сақтау проблемалары туындап, қанда өзгерістер болуы мүмкін екен. Бұл фейк, деп хабарлады turkystan.kz stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Алдымен Александр Редьконың кім екеніне тоқталайық. Ол өзін профессор және медицина ғылымдарының докторы деп таныстырады. Белгілі антиваксер Редько - Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Бұл ұйымға мүше болу үшін ақшалай жарна төлеу қажет. Бастапқыда оған академик Лихачев, геохимик Минеев сияқты көптеген танымал ғалымдар кірген. РЖҒА-на кіру үшін ғылыми дәреже болуы міндетті емес. 

COVID-19 пандемиясы кезінде Редько ғылымға қарсы гипотезаларды алға тартты. Оның айтуынша, егу салдарынан қатерлі ісік аурулары көбейіп, балалардың табиғи иммунитеті жойылды, ал вакцинацияны желеу етіп, адамдарға аденовирус жұқтырады. Бұл қате теориялардың барлығын фактчекерлер жоққа шығарды.

Бағаналардың адам денсаулығына кері әсері туралы айта келе, Александр Редько бір экспериментке сүйенеді. Ол әріптестерімен бірге қысымды өлшеп, қан талдауын тапсырып, бағананың астында бір сағат тұрған. Оның айтуынша, бұл бағана емес, сәулелендіргіш құрылғылардың түрлері бар стенд болған. Мұнымен не айтқысы келгені белгісіз. Стендтің астында біраз тұрғаннан кейін бәрінің қан қысымын қайта өлшеп, қан талдауы алынған. Мақала соның  негізінде жазылған. Редьконің айтуынша, бағаналар сананың шатасуына, есте сақтау проблемаларының туындауына әкеп соғады, сондай-ақ, басқа да көптеген жағымсыз әсерлер тудырады. Зерттеу жұмысы бұл бір мақала немесе бір эксперимент емес екенін айта кеткен жөн. Жаңа буындағы 5G ұялы байланыс бағаналары адамға қалай әсер ететінін бір сағаттың ішінде анықтау мүмкін емес, - деп жазылған басылым мәліметінде.

2021 жылғы наурызда "5G мобильді желілері және денсаулық" атты үлкен ғылыми шолу шықты, оған 107 зерттеу енді. Ғалымдар 5G әсерінің адамдар үшін қауіпті екенін растайтын дәлелдер таппады.

5G екі жиілікте жұмыс істейді. Олардың ең жоғарғысы 24,25-тен 52,6 ГГц-ке дейін. Электромагниттік сәулеленудің иондала бастайтын, яғни қауіпті болатын жиілігі шамамен 3 миллион ГГц болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен FDA 5G байланысы қауіпсіз деп бірнеше рет мәлімдеген болатын. 

Демек Редьконың 5G ұялы байланыс бағаналары адам үшін қауіпті деген пікіріне ғылыми негіз жоқ.

Серіктес жаңалықтары