Қазақ күресінен Еуропа чемпиондары анықталды

Еуропа чемпионатында 16 салмақ бойынша І орынға 1 000, ІІ орынға 500, ал ІІІ орынға 250 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Қазақ күресінен Еуропа чемпиондары анықталды
Qazaq Kuresi Ассоциациясы
1140

Әзірбайжанның Баку қаласында қазақ күресінен ересектер арасында 6-шы Еуропа чемпионаты өтті. «Біріккен Күрес әлемі» (UWW) аясындағы біріншілікте ерлер мен әйелдер күресіп, 16 салмақ дәрежесінің мықтылары анықталды.

Әлемнің 5 құрлығындағы 40-тан астам мемлекетте төл күресімізден федерациялар ашылған. Бүгінге дейін 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогі және 5 Еуропа чемпионаты өтіп, төл күресіміз қарқынды дамуда. Бұдан бөлек Иран мен Бразилияда кадеттер мен жастар арасында әлем чемпионаттары, Оңтүстік Африкада 2 Африка біріншілігі, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионаты ұйымдастырылды. Ал Qazaq Kuresi Ассоциациясының Әзірбайжанда ұйымдастырған бұл жолғы аламан жарысқа қатысуға ниет білдірген елдердің де саны аз болмады.

«Sarhadchi» спорт кешенінде жалауын көтерген байрақты жарысты алғы сөзбен ашқан UWW Конгресі бюросының мүшесі, дәстүрлі күрес түрлері комитетінің президенті Родика Мария Якши ханым Еуропа чемпионатының қазақ күресін дамытудағы рөлін атап өтіп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Салтанатты шара барысында сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов аталмыш чемпионаттың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Қазақ күресі Еуразия құрлығындағы барлық дәстүрлі күрес түрлерінің синтезінің нәтижесі болып табылады. Төл күресіміз – қазақ халқымен біртұтас, ұлт тарихының ажырамас бөлігі. Күрестің бұл түрі әрқашан өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралдарының бірі болды және болып қала бермек. Кезекті Еуропа чемпионатының Әзірбайжан елінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жергілікті қазақ күресі федерациясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл чемпионаттың әлемдік аренада қазақ күресінің одан әрі қанат жаюына тың серпін беретініне сенімдімін», – дей келе Дамир Әсенғазыұлы балуандарға жеңіс пен сәттілік тіледі.

Дамир Бекбосынов UWW өкілдері мен жергілікті федерацияның басшылығына Қазақстаннан жеткізілген арнайы кәдесыйларды, ал Әзірбайжан Ұлттық спорт ассоциациясының президенті Казым Курбановқа Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті әрі ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновтың Алғыс хатын табыстады.

2022 жылы Астана қаласында үш жас тобын (ересектер, жастар, жасөспірімдер) қамтыған тұңғыш Әлем чемпионаты өткен болатын. Сол біріншілікке 40-қа жуық мемлекеттің балуандары қатысып, жарыс көрігін қыздырған еді. Сол дүбірлі додада сыналған бірқатар балуандардың бүгінгі Еуропа чемпионатында ерекше дайындықпен келгені анық байқалды. Осы бәсекелерді басынан аяғына дейін тамашалаған лауазымды тұлғалар, құрметті меймандар, бапкерлер мен спортшылар және қатардағы қарапайым көрермендер қарт Каспий жағасындағы чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары бағасын бергені сөзсіз.

Еуропа чемпионатының қорытындысы:

Ерлер:

  • 55 келі – Nika Bachiashvili GEO
  • 60 келі – Eyvaz Bakhshiyev AZE
  • 66 келі – Mirfattah Seydaliyev AZE
  • 74 келі – Hajali Gasimov AZE
  • 82 келі – Adil Adilzade AZE
  • 90 келі – Jeyhun Huseynov AZE
  • 100 келі – Zurab Chagelishvili GEO
  • +100 келі – Mahammad Mammedzada AZE

Әйелдер:

  • 48 келі – Nino Iashvili GEO
  • 52 келі – Anano Morgoshia GEO
  • 56 келі – Mariam Mazanashvili GEO
  • 60 келі – Mari Makharashvili GEO
  • 65 келі – Diana Shoranova AZE
  • 70 келі – Ana Chkhaidze GEO
  • 77 келі – Shahana Almammadova AZE
  • +77 келі – Elene Kebadze GEO

Еуропа чемпионатында 16 салмақ бойынша І орынға 1 000, ІІ орынға 500, ал ІІІ орынға 250 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Еуропа чемпионатының демеушісі – Sport Qory cпортты қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары