Қазақстандық пара спортшылар Мысырда 2 медаль жеңіп алды

Қазақстандық спортшылар 1 күміс және 1 қола медаль еншіледі.

Қазақстандық пара спортшылар Мысырда 2 медаль жеңіп алды
committee_sport

Мысыр елінде өткен пара үстел теннисінен Fa40 ашық чемпионатында қазақстандық спортшылар 1 күміс және 1 қола медаль еншіледі, деп хабарлады turkystan.kz.

Спорт комитетінің мәліметінше, жарыста аралас жұп разрядында өнер көрсеткен Талғат Эрекеев пен Алтынай Ержанқызы күміс медальді иеленді. Ал жұптық разрядтағы бәсекеде Әли Мақұлбеков пен Талғат Эрекеев қола жүлдені еншіленді.

«Бұл – Париж-2024 Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік жарыстардың бірі. Біздің спортшылар әрдайым өз шеберлігін шыңдап, көрсеткіштерін жаңартып отыруы керек. Пара үстел теннисінде рейтингтік ұпайлар Fa20 және Fa40 жарыстарында беріледі. Fа40-тың ерекшелігі, рейтингке жоғары ұпайлар беріледі және жарысқа тек Fa20-да өнер көрсеткен спортшылар ғана қатыса алады. Жалпы, жыл көлемінде Fa40 жарыстары 5 рет өтсе, Fa20 шамамен 20-25 рет өтеді. Жуырда наурыз айында Астанада тұңғыш рет рейтингтік Fа20 ашық чемпионаты өтетін болады. Оған 14 мемлекеттен 135 спортшы қатысуы жоспарлануда», - деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара үстел теннисінен команда басшысы Ерлан Дусмаилов.

Айта кетсек, Fa40 чемпионаты 23-28 қаңтар аралығында Гиза қаласында өтті. Жарысқа 27 елден 190 спортшы қатысты.