Қалағаңның оң қолы...

Қалағаң жай­лы естелік-сырлар айта берсек, жаза бер­сек таусылмас, сірә!

Қалағаңның оң қолы...
turkystan.kz

«... Әсіресе, Қалағаңды жиі есіме аламын, қиналған, ауырған сәттерімде үнемі түсіме кіреді...»
 Айнаш Сатаева Túrkistan газетінің жиырма жылдығында берген сұхбатында осылай депті. Сағынатындай, жиі есіне алатындай жөні де бар. 
Шынында да,  қазақтың қасиетті қара шалдарының бірі де бірегейі Қалағаң (Қалтай Мұхамеджанов)  жайлы  сөз бола қалса, ол әңгіме Айнашсыз өрбімес еді. 
Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса бі­ле­тін осынау келіншекті білгеніме талай жыл­дардың жүзі болды. Жаратылысынан ақ­жарқын, ашық мінезі аппақ жүзінде нұр бо­лып ойнап тұратын ол орта мектепті орыс­ша бітірсе де, қазақы қалжыңға кел­ген­де алдына жан салмайды.

– Қалағаңның командасына қалай қо­сыл­дың? – дейміз қалжыңбас кейпіне қа­рап.
– Өмірбақи қазақтың мықты сати­рик­терімен қызметтес болдым ғой, – дейді ол тағы да жарқылдай күліп. – Менің алғашқы редакторым, 1987 жылы «Ара-Шмель» жур­на­лына басшылық жасаған Ғаббас аға Қа­бышев болды. Сол жылдары Оспанхан Әу­бәкіров, Мыңбай Ілес, Садықбек Адам­бе­ков, Сайымжан Еркебаев, Үмбетбай Уай­дин сынды қазақтың сатирик жазу­шы­ларымен қызметтес болдым. Кейін жас са­­тириктер марқұм Көпен мен Толым­бек­тер келіп қосылды. Қазақтың шырайлы, әде­би тілін насихаттайтын, әзіл-қалжыңға, әжуа күлкіге толы шығармаларын машин­каға баса жүріп, өз ана тіліме деген махаб­ба­­тым оянды. Қызметтестерім қазақшаға ті­­лімді сындырды.

Ал 1989 жылы «Жаңа фильм» журналы жа­былды да, «Ара-Шмельге» Қалағаң ре­дак­­тор болып келді. Орынбасары Көпен Әмір­бек, Тоқтархан Шәріпжанов, Қажытай Ілия­сов, Толымбек Әлімбековтар тұрақты қыз­мет атқара бастады. Кейін марқұм Сай­лау­бек аға Жұмабеков келді. Осылай азулы сатириктермен бірге қазақы қалжың ілесе келді.

– Сонымен...
– Содан, 1992 жылы «Заман-Қазақстан» га­зеті түріктермен бірігіп шыға бастады да, бас редактор – Қалтай аға бастап газетке кел­­дік. Сол кезден бастап редактордың же­ке хатшысы болып, қабылдау бөлмесіне ауыс­­тым. Басында журналдан кеткім кел­мей, бәрібір бір жұмыс қой деп ойла­нып жүрдім. Барғым келмеген-ді. Сондағы сыл­тауым, қазір ойласам, балалық та болуы ке­рек, үлкен айнасы жоқ екен деппін. Бірер күннен кейін Қалағаң: « – Айнаш, мұн­да да айна бар, мен тауып қойдым» дегені. Марқұм Сәкең де, Сайлаубек ағаны ай­тамын, мейірімді кісі еді. «Газетке бар­ға­ның дұрыс қой, жаңадан ашылып жатыр, бәл­кім, пәтер де алып қаларсың, Қалағаң­нан қалма» деп ақылын айтты. Газетке кел­геніме өкінбеймін. Жаман болғаным жоқ, Мұхамеджановтай асыл азаматтың, болмысы бөлек, кісілігі мол азаматтың «оң қолы» болу дегеннің қандай бақыт екенін көп ұзамай-ақ сезіне бастадым. Өте тал­ғам­паз, білімділігімен қоса, аса сезімтал кісі еді. Айтқанындай-ақ, қабылдау бөлме­сі­не үлкен айна әкеліп ілдірді. Сөйтті де : «Мына айна менің көзім, қайда жүрсең де өзің­мен алып жүр», – деді әзіл-шыны ара­лас. Бірақ... газет Баспалар үйіне көшерде бай­қамай жүк тасушылар сындырып ал­ды...
Ал 1994 жылдың қаңтар айында екі тіл­де, қазақ-түрік тілінде шығатын «Заман-Қазақстаннан» бүгінгі Túrkistan енші алып, бөлініп кеттік. Жаңа ұжым қалыптаса бас­тады. Редактордың бірінші орынбасары болып Дидахмет аға Әшімхан, орынбасар Бейбіт Сапарәлі, Абзал Бөкен жауапты хат­шы, ал техредактор болып Көлбай Адыр­бе­ков тағайындалды.

Қалағаң – менің рухани әкем болды. Қамқорлығын көп көрдім. Қаланың орта­сынан үш бөлмелі пәтер алып берді. Үй бол­ған соң дүние-мүлік тағы керек, не­сие­ге алынған дүниелерді бір ай төлесем, ке­ле­сі айда төлей алмай қалатын сәттерімде қар­жылай да көмегін аямайтын. Қолы ашық, мейірімді, өткір еді ғой. Алғашқы жылдары газетті шығару, қызметкерлердің жалақысын тауып беру оңай болған жоқ. Жү­гірісі көп болатын. Сондай сәтсіздеу бір жүгірістен кейін өңі түтігіп, онсыз да үр­пиіп тұратын шаштары ұйпа-тұйпа болып ашуланып келді. Кабинетіне көк шайын алып кірдім де, «Аға, шашыңызды тарап берейінші» дедім. Әдемілеп тұрып шашын тарадым. Көңілдене бастады. «Бұл шаш та, бас та не көрмеді дейсің», – деп жымиды. Осы­лай еліміздегі жаппай басталған дағда­рыс­тан өзінің білімділігімен, сабырлы­лы­ғымен, өткірлігімен ұжымды сақтап қалды. 

Айнашпен болған әңгімені осы жерден кілт үзуге тура келді. Өйткені, Қалағаң жай­лы естелік-сырлар айта берсек, жаза бер­сек таусылмас, сірә! 

Таңсұлу Алдабергенқызы,

Алматы қаласы