Данияр Елеусінов немесе Асланбек Шымбергенов: Париж Олимпиадасына кім қатысады?

Биыл Париж төрінде өтетін Олимпиада ойындарында 71 келіде ел намысын қорғайтын боксшы кім?

Данияр Елеусінов немесе Асланбек Шымбергенов: Париж Олимпиадасына кім қатысады?
Коллаж: Н.Жорабаев

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің әуесқой боксқа қайта оралып, Париж Олимпиадасына қатысуы мүмкін екені жиі айтылып жүр. Данияр да жеке парақшасында жуырда өзінің боксқа қайтып оралуына қатысты жаңалық болатынын айтқан еді. Ал оның салмағында ел намысын қорғап жүрген 71 келідегі Асланбек Шымбергенов қайтпек? Төрт құрлықтың басты додасына жолдама тарататын лицензиялық турнирге кім бармақ? Осы орайда Bassport.kz тілшісі Бокс федерациясының баспасөз хатшысы Аян Төлегенге хабарласып, осы сұрақтарға жауап алды.

«Италияда өтетін лицензиялық турнирге соңғы Спартакиада жеңімпаздары аттанады. Бұл турнирге Асланбек Шымбергенов қатысқан жоқ. Бапкерлер арнайы демалыс берді, себебі, әлем чемпионы әрі Азия ойындарының жүлдегері ретінде үздік саналды. Сондықтан, әлемдік лицензиялық турнирге Шымбергеновтің баратыны сөзсіз. Сол сында өзін қалай көрсететінін байқаймыз. Егер қолынан келмесе, орнына басқа боксшы келеді», – деді Аян.