Қазақстанда ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу басталды
Ай сайынғы абоненттік төлеммен 30-дан астам тарифтік жоспарда көрсетілетін қызметтердің құнын бірінен соң бірі көтерген.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі абоненттердің бағаны көтеру туралы өтініштерін қарау аясында биыл тарифтік жоспарлардың шарттары мен ұялы байланыс қызметтеріне бағаның өзгеру динамикасын талдады, деп хабарлады turkystan.kz.
2023 жылы ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарлары бойынша бағаның 7,7%-дан 57,3%-ға дейін айтарлықтай өсуі тіркелгені анықталды.
2023 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында ғана ұялы байланыс операторлары өздерінің ресми сайттарында ақпаратты жариялап, ай сайынғы абоненттік төлеммен 30-дан астам тарифтік жоспарда көрсетілетін қызметтердің құнын бірінен соң бірі көтерген.
«Осыған байланысты, Кәсіпкерлік кодекстің 199-бабының 3-тармағын ескере отырып, бір күнтізбелік жылда бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттердің белгілерін қайта анықталуына байланысты Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша қазіргі уақытта «Кселл» АҚ, «МТ–С» ЖШС (Tele2/Altel) және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) ұялы операторларына қатысты тергеп-тексеруді бастады», – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, бұған дейін Агенттік ұялы байланыс операторларының бір минуттық сөйлесулердегі қоңыраулардың құнын және тарифтік жоспарлардағы бір SMS-ті белгілеу жөніндегі әрекеттерінде (көрсетілген қызметтердің бір бірлікке тарифтелуі көзделген) бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдардың белгілерін (Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы) анықтаған болатын. Осыған байланысты ұялы байланыс операторларына бағаны негізді төмендету жолымен анықталған белгілердің тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберілді.
Ұялы операторлар хабарламаны белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда, Агенттік тергеп-тексеру жүргізу туралы да шешім шығарады.