Оралда 360 жанұя баспаналы болды

Олардың қатарында мүгедек бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, жетімдер және мүмкіндігі шектеулі жандар бар.

Оралда 360 жанұя баспаналы болды
БҚО әкімдігі
900

Орал қаласының Зачаганск кентінде үш бірдей көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Онда баспана кезегінде тұрған 360 отбасы қоныстанып жатыр. Бұл жоба «Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылып отыр. Соның ішінде үйлер жылдық сыйақы мөлшерлемесі екі пайыздан аспайтын ипотекалық несие беру арқылы сатылған.

Бұл жобаға қатысуға биыл қыркүйек айында осыншама адамнан өтініш қабылданып, мақұлданды. Олардың қатарында мүгедек бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, бірінші және екінші топтардағы мүмкіндігі шектеулі жандар бар.

Тұрғын үйлерді салтанатты түрде тапсыру рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, тұрғындарды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті. Осы орайда әр отбасын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар аса маңызды. Мереке қарсаңында қуанышты сәттің куәсі болып жатырсыздар. Біз тоғыз қабатты үш жаңа үйдің кілтін осы күнді асыға күткен отбасыларға табыстағалы тұрмыз. Мұнда барлығы 360 пәтер бар. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегіндегі отбасыларға жеңілдетілген пайыз арқылы берілді. Баспаналы болған жерлестерімізді осынау қуанышты күнмен және жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! - деді аймақ басшысы.

Кейін облыс әкімі отбасыларға көптен күткен пәтерлерінің кілтін табыс етті.

Орал қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтерлер кезегіне 22 мыңнан астам адам тіркелген. Биыл шаһарда 14 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Соның ішінде негізгі жұмыстар жаңадан бой көтеріп келе жатқан Ақжайық шағынауданында қызу жүріп жатыр.

Жаңа ықшамауданда 25 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Онда жалпы саны 5 мыңға жуық пәтер болады. Қазіргі таңда бұл аумақта 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, - делінген облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары