Өзбекстанда шахматтан әлем чемпионаты басталды

Биылғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары.

Өзбекстанда шахматтан әлем чемпионаты басталды
Фото: kazsports.kz
1003

Өзбекстанның Самарқан қаласында шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты басталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, «Самарқан Жібек жолы» қонақ үй кешенінде өткен салтанатты ашылу рәсімі кезінде өңірдің тарихи, мәдени тарихынан сыр шертетін бейнематериалдар көрсетілді. Осыдан кейін кеш қонақтары сөз сөйлеп, іс-шара жеребе тарту рәсіміне ұласты.

Оған ерлер арасындағы көшбасшы Магнус Карлсен, әйелдер арасындағы Цзюй Вэньцзюнь мен Лэй Тинцзе қатысты. Нәтижесінде рапид пен блиц түрінде Магнус Карлсен ойынды ақ түсті тастармен бастайды. Ал Цзюй Вэньцзюнь рапидте ақ, Лэй Тинцзе блицте қара түсті фигуралармен ойнайды.

Биылғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ доллары. Оның 700 мыңы ерлер арасындағы ашық бәсекеде, қалған 300 мыңы әйелдер арасындағы турнирдің жүлдегерлеріне үлестіріледі.

Шахматшылар 26-28 желтоқсан күндері рапидтен сынға түссе, 29-30 желтоқсанда блиц шахматтан мықтылар анықталады.

Ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асаубаева Самарқанға блиц шахматтағы жеңісті сериясын жалғау үшін келді. Ол 2021 және 2022 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Сонымен қатар мұнда былтыр Алматыда рапид түрінде әлем чемпионы атанған Тан Чжунъи (Қытай), Александра Горячкина, әлем рейтингінде 2-орында тұрған Хампи Конеру (Үндістан) және Топ-10 ойыншының қатарына кіретін Катерина Лагно, Анна Музычук пен Нана Дзагнидзе бар.

Формат:

Рапид пен блиц Швейцария жүйесі бойынша өтеді.

Ерлер рапиді 13 тур, блиц 21 турға созылады.

Әйелдер рапидті 11 тур, блицті 17 тур ойнайды.

Осы тұста Өзбекстан 2026 жылғы шахматтан Олимпиаданы қабылдауға дайындалып жатқанын айта кетейік.

Серіктес жаңалықтары