Таразда 63 жастағы «Чели апай» қолға түсті

Полицейлер алты ай бойы героин тобындағы есірткі өткізудің ірі арнасын анықтау және жою бойынша жасырын тергеу әрекеттерін жүргізді.

Таразда 63 жастағы «Чели апай» қолға түсті
Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысында ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аса ірі көлемде есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен Тараз қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлады turkystan.kz. 

Полицейлер алты ай бойы героин тобындағы есірткі өткізудің ірі арнасын анықтау және жою бойынша жасырын тергеу әрекеттерін жүргізді. Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында ерекше иісті сұр-қоңыр түсті заты бар екі сіріңке қорабы табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат жалпы салмағы 5,45 грамм – шамамен 60 доза героин есірткісі болып шықты.



«Арнайы операция нәтижесінде ұсталған әйел – «Чели апай» бүркеншік атымен бұрын героин сатқаны үшін бірнеше рет сотты болған. Ол құрықтау кезінде осындай қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын соңына дейін өтеп үлгермеген», - делінген Polisia.kz хабарламасында.

Атап өту керек, осыдан бір жыл бұрын жедел уәкілдер оның 41 жастағы қызын есірткі саудасы саласындағы қылмысы үшін «Мака» бүркеншік атымен құрықтаған.

 «63 жастағы тұрғын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанына, қызы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқанына қарамастан, заңсыз жолмен алынған табыстан бас тартпаған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті Тараз қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір уақытта есірткі жеткізу арнасын анықтау бойынша қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – дейді ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.