Жастардың қаламына қанат бітірген

Жастардың қаламына қанат бітірген

Жастардың қаламына қанат бітірген
ашық дереккөзі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі «Барманқұлов оқулары» аясында ғалым, ұстаз М.К.Барманқұловтың туғанына 80 жыл толуына орай «Журналистика бәрі үшін: дәстүрлер, үрдістер мен таяу болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға бұқаралық коммуникация саласын зерттеуші ғалымдар, қазақстандық электронды БАҚ өкілдері, журналистика факультетінің студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты. Конференцияда профессор М.К. Барманқұловтың мұрасы, ғылыми зерттеулері мен шығармашылығынан бөлек, қазақ журналистикасындағы дәстүр мен жаңашылдық, дәстүрлі және конвергентті журналистикадағы трендтер мен технологиялар, БАҚ мамандарын дайындау мәселелері, т.б өзекті тақырыптар талқыланды. «Барманқұлов оқулары» аясында дәстүрлі студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденісін арттыруға, телерадиожурналистика бағытындағы шығармашылық ойлары мен жаңаша идеяларын жүзеге асыруға ықпал ету мақсатында байқау ұйымдастырылған болатын. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жұмыстар дипломдармен, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Қазақ ғылым-білімінің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 35 жылдан астам қызмет еткен Марат Барманқұловтың ұстаздық, журналистік жолы тағылымға толы. Ғалым 1965 жылы ассистенттіктен бастап, филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 1991 жылы республикалық «Казахстанская правда» газетінің редакторының орынбасары қызметін атқарды. Оның авторлығымен жарияланған «Репортаж на радио и ТВ», «Весь мир у вас в квартире», «Журналистика для всех» кітаптары болашақ журналистер үшін бағдаршам іспетті. Тележурналистика ғылыми мектебінің негізін қалаған ұстаз, ғалым ретінде Марат Кәрібайұлының есімі әріптестері мен шәкірттерінің жадында мәңгі сақталмақ.  

Нұргүл Сапарходжаева,

ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы