Шайқалған шаңырақ, ойран болған отбасы

Шайқалған шаңырақ, ойран болған отбасы

Шайқалған шаңырақ,  ойран болған отбасы
ашық дереккөзі
Қазақ халқы ежелден жастардың шаңырақ көтеріп, шағын мемлекетке айналуын маңызды қадам ретінде бағалайды. Отбасын құру – ойланып жасайтын қадам. Дана халқымыздың «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтіні де сондықтан. Бірақ қазір елімізде жанұяның қадірін түсінбестен, ә дегеннен ажырасуға әзір тұратын жас отбасылардың қатары көбеюде. Мұның сыры неде? Жастықтың жалынымен ағат қадам жасайтын жастар айыпты ма? Әлде отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі ме?  

Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша алда тұр

Қазақ азаматтары өзінің некелі әйелі тұрмақ, жесірін де қаңғытпайтын, кіндігінен тараған балалары тұрмақ, жетімін де жылатпайтын еді. Бүгінгі күні мұның бәріне өткеннің ертегісі секілді қараймыз. Кешегі Кеңес Одағы кезінде ажырасу аз болатын, өз отбасын тастап, өзгемен көңіл қосу ар саналатын. Ал бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. Отбасылық дәстүр мен жанұялық бақытты бірінші орынға қоятын еліміздегі ажырасу көрсеткіші көз қуантпайды. Ұлыбританиядағы белді басылымдардың бірінде жарияланған мәлімет бойынша, Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша 11-орында. АҚШ-тағы Illinois университеті ғылыми орталығы әзірлеген статистикаға назар қойсақ, республикамыз әлемде ажырасу көрсеткіші бойынша  9-орында, ал мұсылман елдері ішінде  көш бастап тұр. Ал тағы бір статистикалық деректер еліміздегі ажырасу оқиғаларының мүлдем көбейгендігін айғақтайтындай. Өткен жылдың алғашқы үш айында үйленгендердің тең жартысы ажырасып кеткен. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, 2014 жылы республикамыздағы некеге тұрғандар саны 159 328, ажырасқандар 52 673-ті құрайды. Ал 2015 жылы тіркелгендердің саны азайған, есесіне отбасын сақтай алмағандардың қарасы көбейген. Олардың саны – 53 293. 2016 жылғы Әділет министрлігінің мәліметіне сәйкес, 140 840 жұп тіркелсе, оның 51 775-і «өмір жолымыз бөлек» деген шешімге келген. Өкінішке қарай, бұл қуанта қоятын статистика емес.

Бақытты күндердің баянсыз аяқталуына

не себеп?

Бұрындары таныстарының бірі ажырасқалы жатыр дегенді естігенде үрейленетін қоғам бүгінде шаңырағы шайқалған жанұялардың тым көбейіп кеткеніне мән бермейтін де болды.  Сонымен, отбасылық өмірдің бақытты  басталып, баянсызға айналуының себебі неде? Мамандардың айтуынша, отбасылардың ажырасуының бірден-бір себебі – олардың асығыс отбасын құруында. Яғни, ерлі-зайыптылар бірін-бірі жіті танып-білместен үйленіп, отбасын сақтап қала алмай жатады. Жастардың жар таңдауға жеңіл қарауының салдарынан шаңырақ көтергеніне көп болмай жатып мінездері жараспай, араларында неше түрлі қайшылықтар туындайды. Тіпті, бір-бірімен әлеуметтік тұрғыдан да тең емес екенін кеш біліп, ажырасып жатады. Бұрынғы қазақ қоғамында ата-ана қызын жастайынан дұрыс келін болуға тәрбиелесе, ұлды шаңырақ иесі болуға баулыған. Әйел күйеуіне көмекші және отбасының ұйытқысы болуы керек. Қазір отбасындағы басты рөлге әйел мен еркек таласады. Жігіт жігерлілеу болса, басты рөлге ие болады, ал жасық болса, әйелінің табанына түседі. Дегенмен бірінші күннен басталатын бұл тайталаста итжығыс түсіп, бір-біріне билік бергісі келмейтіндер де жетерлік. Одан кейін ажырасу мәселесін жұмыссыздық дерті де одан әрі ушықтырып тұр. Ажырасудың 80 пайызының басты себебі – жұмыссыздық пен маскүнемдік деп топшылайтындар да бар. Өйткені отағасының тұрақты жұмысы жоқтығынан, үйге ешқандай кіріс әкелмейтіндігінен шаңырағының шырқы бұзылғандығын айтып, шағымданатын нәзік жандылардың қарасы қалың екен. Ер азаматтардың спиртті ішімдіктерге әуес болып, отбасын асырай алмауының соңы некенің екіге айырылуына алып келетінін де жоққа шығара алмаймыз. Шыны керек, бүгінгі күні әлеуметтік жағдайдың төмендігі көптеген жұбайлардың екі жаққа кетуіне басты себеп болып отырған жайттардың бірі. Әсіресе, Астана, Алматы секілді үлкен қалалардағы жас отбасыларға қиын, баспанаға бірден қол жеткізу мүмкін емес, сосын пәтерден пәтерге көшіп жүргені. Балалардың тамағы да, киімі де арзан емес, қыл аяғы жаялығына дейін тым қымбат. Міне, осы сәтте әйелдердің еріне көңілі толмаушылықтары басталады. Үйде ұрыс-керіс орнап, сәбиін құшақтаған әйел төркініне қайтып келіп отырады. Баланы күйеуіне тастап, өзі жұмысқа шығып, ақыры соңында «күйеусіз де отбасымды асырай алады екенмін ғой» деп ажырасып тынатын жағдайлар да жоқ емес. Жастарға тәрбие беру барысында отбасы институтының мәнісін, отбасының маңыздылығын, оның құндылықтарын жеткізу өте маңызды. Өкініштісі, бүгінгі күні балаларды өзімшіл қылып тәрбиелеу сәнге айналды. Әрбір ата-ана «Сен өзің үшін оқуың керек, өзің үшін жұмыс жасауың керек, өзіңді-өзің қамтамасыз ете алуың керек» деп баланың құлағына құйып отырады. Дегенмен болашақта отбасы болғаннан кейін ол өзінің жанұясы үшін өмір сүре алатындай тәрбие беруді естен шығарып ала береміз. Туыстардың себебінен де ажырасып жатқан жұбайлар аз емес. Мұның ішінде әсіресе, ене мен келін арасындағы түсініспеушіліктер жиі кездеседі. «Не шешеңмен тұр, не менімен бөлек шық» дейтін әйелдер, арадағы баланы алға тартып, күйеуін ертіп, ата-анадан бөлек кетіп жатады. Күйеуі келіспеген жағдайда, баласын ертіп, өзі кетеді. Бұл дұрыс іс пе? Жас жұбайлар бір-бірін таңдап, үйленгеннен кейін бір-бірінің ата-анасына да өз ата-аналарына қарағандай қарауы керек емес пе? Тағы бір себеп – бала. Осы күні балалы бола алмай жүрген жас жұбайлар өте көп. Үйдің іші сәбидің күлкісіне көміліп, улап-шулап жатпаған соң, арада түсініспеушілік орнап, әйел мен ердің арасы тез суып кетеді. Бүгінгі таңда әлем бойынша отбасы тұрақсыз институтқа айналып келеді. Еуропа мен АҚШ-та да осы мәселе алаңдатарлық ахуалға айналғалы біршама уақыт болды. «Мир 24» ақпараттық агенттігінің дерегі бойынша, Еуропа елдерінде мемлекеттік жәрдемақы жүйесінің жетілгендігі, материалдық жағдайдың биік деңгейіне байланысты азаматтар бір-біріне тәуелсіз өмір сүре алады. Сондықтан да неке экономикалық тірек болудан қалады, ал отбасы болу үшін азаматтық некенің өзі жетіп жатыр. Осы себептен де ажырасу артып отырған сыңайлы. Әрине, ұлт ретіндегі құндылықтардың құлдырауы, ажырасу ұрпақ тәрбиесіне ауыр соққы әкеледі. Батыста бой көрсеткен азғындық әдеттің көрінісі, бүгінгі таңда сол елдердің өзіне де опа бермей отыр. Ал о баста «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қазақ үлгі аларлықтай үрдіс осы ма еді? Әлеммен бірге аяқ алысып, өзге елдермен иық тірестіріп дамып келе жатқан жас мемлекетіміздің жаһанданудан қалыс қалуы мүмкін емес. Тек даму жолында тамыр-тарихымызды, ұлтымыздың ұстынын, ата-баба салты мен діни құндылықтарымызды жоғалтпауымыз қажет. Гендерлік саясатты ұстанғанда әйелдер мен ерлердің құқығы тең болуы әлем көшіне іліккен соң, жөн де шығар. Тек, бұл саясат әйелдерді жоғары қызметке көптеп қойғанымен, олардың отбасындағы орны қашанда бөлек екенін әрбір нәзік жанды әйел ұғынуы тиіс-ақ. Бұл ретте жаңадан шаңырақ құрып, араға тағы бір кіші мемлекет қосылған соң, сол мемлекеттің құламауына, керегесі қисаймауына тәжірибелі жандар көмектесуі керек-ақ. Осы мәселеде келінге күн бермейтін енелердің де арта түскенін ескерген маңызды. Біреудің аялы алақанында өсірген қызын үйіне келін етіп түсірген соң, оның осы шаңыраққа кірігіп, өзгелермен бірігіп кетуі үшін аянбай жағдай жасайтын ардақты енелер болса, шаңырақ шайқалмауы тиіс.

Неке бұзғандарға айыппұл төлету

керек пе?

Некелері қиылғанымен, босағасы бекімей шаңырағы шайқалып, ажырасып жатқандар көбейіп барады. «Отбасы сақталуы үшін мемлекет тарапынан қолдау керек» дейді кей мамандар. Расында да, еліміздегі отбасы институтының құлдырағаны соншалық бүгінде ерлі-зайыптылар арасында түрлі оқиғалар көбейген. Ері әйелін өртей салу, өлтіруге тапсырыс беру, бірін-бірі пышақтап тастау қалыпты жағдайға айналды. Статистикалық мәліметтер бір жыл ішінде отау құрғандардың үштен бірі ажырасып кетеді деп отыр. Соңғы бес жылда Қазақ­станда 700 мыңға жуық отау тігілсе, оның 300 мыңдайы ажырасып үлгерген. Яғни, қиылған некенің шамамен жартысы жойылған деуге болады. Зерттеулерге сүйенсек, әлем бойынша маскүнемдіктен 41 пайыз, баспананың жоқтығынан 26 пайыз, бала көтере алмаудан 8 пайыз, ата-аналардың араласуынан 14 пайыз, бас бостандығынан айырылғандықтан 2 пайыз, ұзақ уақыт бөлек тұру себептерінен отбасылардың 6 пайызы некесін бұзып тынады. Және әрбір 15 секунд сайын әлемде бір отбасының шаңырағы шайқалады екен. Ажырасуға себеп көп, оның салдары жетім жүректерді көбейтті. Мамандардың айтуынша, бүгінде отбасы бұзылуының 3 толқыны бар. Соның ішінде көп үлесті үйленгеннен кейін 5 жылға жетпей екіге айырылып, ажырасып кететіндер алады. Бұл статистикалық көрсеткіштің жыл өткен сайын оңалатын түрі көрінбейді. Сондықтан кейбір мамандар некеге тұрақсыздарға ірі көлемде айыппұл төлетуді ұсынып отыр. Әлемнің кейбір елдерінде мұндай тәжірибе бар, ол бізге де енгізілсе, ажырасуға асыққандарға аз да болса тұсау болары анық. Ресей Федерациясының депутаттары өткен жылдың күзінде дәл осы ажырасу үшін төленетін салықтың көлемін 1 мың АҚШ долларына дейін көтеруді ұсынған-ды. Ал Вьетнамда некені бұзғаны үшін 10-20 миллион донг немесе 485-970 АҚШ долларына дейін айыппұл төлеуге тура келеді. Ендеше, неге біздің елімізде де ажырасушыларға айыппұл салу жолдарын қарастырып көрмеске?! Қазіргі қоғамымыздағы ажырасу дерегінің күн санап өсіп келе жатқандығы көңіл алаңдатады. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек. Осы ретте тігілген отаудың түтіні неге түзу ұшпай жатқандығы барша қазақты ойландырады. Бәлкім, жастардың ерте үй болып, балалығы мен өмірдің қызығынан ерте қағылғандығы әсер етіп жүр ме? Әлде, ата-ананың тепкіні мен соларға арқа сүйеп үйреніп қалған жастардың өзінен бе? Некенің бұзылуы – отбасы өміріне ғана емес, қоғам өміріне де кері ықпалын тигізетін жағымсыз әрекет. Сондықтан ажырасудың залалын, кері әсерін отбасында үнемі ескертіп, баланың жауапкершілігін көтеруге тырысқан жөн.

«Үйлену оңай, үй болу қиын»

Отбасын құрудағы негізгі мақсат – ұрпақ жалғастығы. «Отау тіккен ұл-қыздарының татулығына ұйытқы бола білетін, оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін аналарымыздың азайып бара жатқанын» ескерсек, отбасы құндылығын арттыруға үлес қосатын қыздар тәрбиелеуді бүгіннен мықтап қолға алуымыз керек. Отбасы – мемлекет тірегі. Егер елімізде әрбір үшінші некенің бірі бұзылып жатса, бұл – тұтастығымызға қауіп төндіретін кесел.  Қазақ жастарының табиғатымызда жоқ мұндай қадамға жиі баруына не себеп болды? Еліміздегі некенің баянсыз болып, шаңырақтарының шайқалуына қоғам болып алаңдайтын уақыт келді. Жалпы, ислам дінінде отбасылардың әрқашанда бақытты болуын тілеп, некенің бұзылмауына, шаңырақтарының шайқалмауына баса назар аударады. Отбасылардың жиі ажырасуына түрлі себептер бар, барлығының шешімін бір жерден ғана іздей алмаймыз. Көпшілік шаңырақтың шайқалуына ер мен әйелдің өзара түсінісе алмауы себеп болады дегенді алға тартады. Ал өзара түсіністік қалыптастыру үшін не істеу керек? Олар неге өзара түсінісе алмайды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік пе? Ерте заманнан-ақ қазақ қыз баланы ерінің ақылшысы, қолдаушысы болуға үйреткен. Қазақ ешқашан қызын азаматтың алдына шығып, шешім қабылдауға баулымаған. Бұл – шындық. Біз – ер азаматын сыйлаған қазақпыз. Ал бүгінгі қыздар әжелерінен, аналарынан қалған осы қалыпты сақтай алды ма? Әрине, бүгінгі заман басқа, қоғам өзгерді. Мұның бәрі түсінікті. Алайда қоғам өзгергенмен, қазақылықты өзгертуге болмайды. Бүгінде қыздардың барлығы табыс табуды, ерлерден қалыспай жүріп-тұруды қалайды. Бұл – ақылды әйелдің әрекеті емес. «Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деген сөз тегін айтылмаса керек-ті. Ал бүгінгі ер азаматтардың енжарлықтан, бос сөз бен күлкіден, жүріс-тұрыстан арылғаны абзал. Әрбір отбасында ер мен әйелдің өзінің атқаратын міндеттері бар. Бұл біздің дінімізде де айтылған. Олар әрқайсысы өзіне артылған міндетті жауапкершілікпен атқарып, ері әйелінің, әйелі ерінің құқықтарына құрметпен қараса, қазақ қоғамында мұндай мәселе туындамас еді. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің астарында ғасырлар сарабынан өткен шындық жатыр. Кез келген ата-ана баласы үшін отыз күн ойын, қырық күн тойын дүбірлетіп жасап береді. Бірақ… Бірнеше ай немесе жыл өткеннен кейін сол отбасының шырқы бұзылады. Неге? Өйткені ол жастар «отбасы» деген  ұғымның аса құнды, қасиетті екенін түсінбейді де, әр қадам басқан сайын жаңылыса береді. Ең өкініштісі, мұндай қадамға баратындардың иманы әлсіз, санасы саяз. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Бұл дегеніміз – мықты мемлекеттің іргесі бірлігі жарасқан отбасылардан құралады деген сөз. Ал бүгінгі күні кеше ғана іргесін көтерген отбасылар ертең ажырасып, шаңырақтары шайқалып жатса, келешегіміз қалай кемел болмақ? Мұндай жағдайда отырып қалай ғана іргесі берік қоғам құра аламыз? Осыны ойланып көрдік пе, қазақ баласы?