Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тәуелсіз бақылау қажет – Аида Балаева

Мемлекет басшысының бастамасымен өңірлерде отбасын қолдау орталықтары, ал Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан Жастар ресурстық орталықтары құрылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тәуелсіз бақылау қажет – Аида Балаева

Барлық мемлекеттік орган тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған жол бермеу мәселелерімен белгілі бір деңгейде айналысады, айналысуы керек те. Бірақ бұл жұмыста жалпы тәуелсіз бақылау жоқ. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

«Отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысына қатысты аймақтар мен министрліктердің басшыларын үнемі тыңдай отырып, әйелдер қанатына әйелдер күн тәртібінің орындалуын қоғамдық бақылау функциясын өз мойнына алуды ұсынамын», – деді ол.

Қазір біздің қоғамда әйелдер мәселесі әлі де өткір болып тұр. Гендерлік теңсіздік, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық, білімге қол жетімділік, діни радикалдану және осы құбылыспен байланысты проблемалар өзекті.

«Сондықтан Президент заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге көп көңіл бөліп отыр. Мемлекет кез келген қылмыстың, соның ішінде әйелдерге қатысты жасалған құқық бұзушылықтың да нақты және қатаң түрде жолын кесуі керек. Өз кезегінде әйелдер де отбасылық зорлық-зомбылыққа төзбеуі тиіс. Олар өздеріне қатысты жасалған осындай әрекеттерге шыдау арқылы зорлықшы және зорлық-зомбылық құрбандарын тәрбиелейді», – деп атап өтті Аида Балаева. 

Министр Қазақстанда гендерлік теңдік мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін жеткізді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының бастамасымен өңірлерде отбасын қолдау орталықтары, ал Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан Жастар ресурстық орталықтары құрылды.

«Қазір министрлік орталықтар жұмысының бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Партияның әйелдер қанатына орталықтардың тиімділігін арттыруға қатысты жұмыс әдістемесі мен әдіснамасы, оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жаңа тәсілдерді қалыптастыру және инновациялық әдістерді енгізу сияқты жұмыстарға араласуды ұсынамыз», – деді Аида Балаева.

Еске сала кетейік, 7-8 желтоқсан күндері «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысы өтті. Оған өңірлерден келген 100-ден астам белсенді әйел қатысты. Екі күн бойы әйелдердің мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейту, кәсіпкер әйелдерді қолдау және инклюзивті қоғамды дамыту мәселелері талқыланды. Делегаттар Президент Жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасы, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында елімізде ана мен бала бақытты өмір сүруі үшін жағымды жағдай жасалып жатқанына назар аударды. Атап айтқанда, бала күтіміне берілетін төлем 1,5 жасқа дейін ұзартылды, көпбалалы аналарға тағайындалған жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды, әлеуметтік жағдайы осал отбасыдан шыққан 100 мыңнан астам бала балабақшаларда тегін тамақпен қамтылды, ал 2024 жылы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» деп аталатын мүлдем жаңа бағдарлама іске қосылады