Ақмола облысы мен СҚО-да жүк пойызы 10 жылқыны басып кеткен
Осы жылдың 11 айында темір жолда 1055 рет үй жануарларын басып кету фактісі тіркелді.
Ақмола облысы мен СҚО-да жүк пойызы 10 жылқыны басып кеткен, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың 11 айында көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 1786, темір жолында 1055 рет үй жануарларын басып кету фактісі тіркелді. Оның ішінде 571 бас жылқы, 309 бас ірі қара, 87 ұсақ мал және басқалары.
Мәселен осы жылдың 2 желтоқсанында Ақмола облысы Қырықыншы – Сарыоба станцияларының аралығында жүк пойызының машинисі теміржолда жылқылардың болуына байланысты шұғыл тежеуді қолданды. Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған, салдарынан 7 жылқыны қағып кеткен.
«Жоспарланбаған пойыз тұрағы 38 минутты құрады. Тексеру барысында Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлерімен үй жануарларының иесі, елорданың 45 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі (Темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзған) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – делінген хабарламада.
Дәл осындай факт 4 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы Пресногорьковск – Бауманский аралығында да орын алды. Жүк пойызының машинісі жылқы табынын байқап, шұғыл тежеуді қолданды. Үш бас жылқы жүк пойызының астына түсті.
«Темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін мал иесі Солтүстік Қазақстан облысының 43 жастағы тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалған 25 бас жылқы қораға қамалды», – делінген хабарламада.