Жетісу облысында сегіз әкім жауапкершілікке тартылды
Олар тіркеулер мен статистикалық деректерді бұрмалаған.
Жетісу облысында статистикалық есептерде мал санын өтірік көбейтіп көрсетіп, жайылымдық жерлерге деген қажеттіліктің нақты көрінісін бұрмалаған 8 ауыл әкімі жауапкершілікке тартылды.
Жетісу облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кербұлақ ауданының ауылдық округтерінің 8 әкімі тіркеулер мен статистикалық деректерді бұрмалағаны үшін ҚР ӘҚБтК 499-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Олар статистикалық есептерде жеке сектордағы шаруа қожалықтарының мал санын жасанды түрде арттырған. Нәтижесінде 75 мың гектарға жайылымдық жерлерге деген қажеттіліктің нақты көрінісі бұрмаланған, - делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ прокурорлық қадағалау актісін қарау шегінде аудан әкімдігі жайылымдарды басқару жөніндегі бұрын бекітілген жоспарды қайта қарау бойынша жұмысын бастағаны нақтыланады.