Таразда тұрғындардың қаржысын жымқырған құрылыс компаниясының директоры ұсталды
Тараз қаласы полиция басқармасына облыс орталығының бiрнеше тұрғыны қаладағы құрылыс компаниясының бiрiне қатысты арызданған.
Таразда тұрғындардың 13 млн теңгеден астам қаржысын жымқырған құрылыс компаниясының директоры ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Тараз қаласы полиция басқармасына облыс орталығының бiрнеше тұрғыны қаладағы құрылыс компаниясының бiрiне қатысты арызданған. Тұрғындар компания директоры үйлерiне жөндеу жұмыстарын жасаймын деп жалпы көлемі 13 млн 620 мың теңге қаржысын алдап иемденіп кеткені туралы шағымданған.
«Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлiгi 4-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу iсi басталды. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар 25 жастағы Тараз қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Ер адам кiнәсын толық мойындап, оған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды», - деп жазды Polisia.kz.
Сондай-ақ күдіктінiң осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бапқа сәйкес, күдіктіге бірнеше рет жасалған алаяқтық үшiн мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.