Тогомен тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз – Президент

Мемлекет басшысы мен Того Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Тогомен тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз – Президент
akorda.kz
813

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фор Эссозимна Гнассингбе БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Того Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, елімізге ресми сапармен келгені үшін Президент Гнассингбеге ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының пікірінше, Того Президентінің сапары екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға жол ашады. Құрлықаралық байланыстың жоғары деңгейде екенін білдіреді.

«Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі. Біздің мемлекеттеріміз бір-бірінен алыста жатыр. Соған қарамастан, біз Тогомен тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз. Бұл елдің өзара тиімді ықпалдастық орнатуға ұмтылысын толық қолдаймыз. Келесі жылы Қазақстан мен Того арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 10 жыл толады. Осы кезеңде достық пен өзара қолдауға негізделген ынтымақтастық нығая түсті. Қазір оны тың қарқынмен дамыта түсуге мол мүмкіндік бар. Жаңа ғана осы мәселені талқылап, маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Мұның бәрі саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да саладағы байланысты жандандыруға ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Того Президентімен ауыл шаруашылығы, жаңа технология, қазба байлықтарды бірлесе игеру, өндіріс және инвестиция салалары бойынша да келіссөз жүргізгенін айтты.

«Екі ел үкіметтеріне тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Әсіресе, Қазақстанның Тогоға дәнді дақылды экспорттау мүмкіндігі зор екеніне назар аудардық. Еліміздің бастамасымен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы құрылғанын білесіздер. Мен Тогоны осы ұйымға мүше болуға, оның әлеуетін пайдалануға шақырдым», – деді Президент.

Мемлекет басшысы табиғи ресурстарға бай Қазақстан мен Того елдері темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау, өндіру және игеру үшін бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие екеніне назар аударды.

«Мен Қазақстан кәсіпкерлері Тогоның тау-кен өндірісін зерттеуге дайын екенін атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қазақстанға Ломе портының әлеуетін қарастыру бойынша ұсыныс айтылды. Бұл теңіз айлағы қызмет ауқымы бойынша Батыс Африкада екінші орын алады. Біз өзара тиімді әріптестікті дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан Того кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырдым. Олар форумда Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары