Сөйлеуге, жүруге шамасы келмеген: Алматы облысында ашыққан балалар анықталды

Ол жедел түрде «Екі жақты пневмония» диагнозымен аудандық ауруханаға жатқызылды.

Сөйлеуге, жүруге шамасы келмеген: Алматы облысында ашыққан балалар анықталды
medaboutme.ru

Алматы облысында аштықтан сөйлеуге және жүруге мұршасы қалмағанған 6 жастағы бала анықталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Облыстық прокуратура мәліметінше, мобильдік топтар бір айда тұрмысы қолайсыз, толық емес және табысы аз отбасылар, сондай-ақ балалар өгей әкелермен тұратын 400 астам отбасыны тексерді.

Мысалы, Іле ауданында аштан жүдеу, сөйлеуге және жүруге мұршасы қалмаған 6 жастағы бала анықталды.  Ол жедел түрде «Екі жақты пневмония» диагнозымен аудандық ауруханаға жатқызылып, оған медициналық көмек көрсетілді.

«Ата-ана ӘҚБтК 127-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қорғаншылық және қамқоршылық органы ата-ана құқықтарын шектеу туралы талаппен сотқа жүгінді», – делінген хабарламада.

Райымбек ауданында үш бала аштан жүдеу отбасы анықталды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, қысқы қиім сатып алынды, екі бала жазылған соң балабақшаға, ал үлкені мектеп-интернатқа орналастырылатын болады.

Балқаш ауданында үш отбасында өгей әкелер балаларды ұрып-соққаны анықталды, полиция органдарымен кінәлі тұлғаларға қатыcты ӘҚБтК 73-2-бабы (Ұрып-соғу) бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер қозғалды.

Жалпы, біріккен рейдтер нәтижелері бойынша әкімшілік жауапкершілікке 51 ата-ана тартылды, оның ішінде:

38 тұлға ӘҚБтК 127-бабы бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау);

- 7 тұлға ӘҚБтК 440-бабы бойынша (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу);

- 3 тұлға ӘҚБтК 73-2-бабы бойынша (Ұрып-соғу);

- 2 тұлға ӘҚБтК 442-бабы бойынша (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы);

- 1 тұлға ӘҚБтК 73-1-бабы бойынша (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру).

«Жауапсыз ата-аналардан 15 бала алынды, сотқа ата-ана құқықтарын шектеу туралы 7 талап қою берілді. Азық-түлік, көмір және балаларға жылы киім түрінде материалдық көмек 86 отбасыға көрсетілді. Медициналық тексеруден 901 бала өтті, 16 бала ауруханаға жатқызылды», – делінген хабарламада.

Алматы облысы прокуратурасының QR-коды барлық білім мекемелерінде орналасқан. Ол арқылы ай сайын азаматтардан 10 жуық түрлі құқық бұзушылықтар фактілері туралы хабарламалар түседі, соның ішінде буллинг, қорқытып алу, ақша жинау және басқалар.

Бұл сигналдар прокурорлармен көп ұзамай тексеріліп, расталған жағдайда прокурорлық қадағалау шаралары қабылдануда.