Білім беру жаңа форматта дамып жатыр

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарындағы сақтық шаралары күшейтілді.

Білім беру жаңа форматта дамып жатыр
qazaqstan.tv
867

Білім жүйесінде соңғы уақытта көптеген өзгерістер орын алуда. Қазақтандық білім беру үдерісіне мейлінше халықаралық озық үлгілер мен стандарттар енгізілуде. Әсіресе, білім беру мазмұнын жетілдіру, тәрбие беруде педагогтермен қатар ата-аналардың жауапкершілігін, педагог мәртебесін арттыру, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

«Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізуде. Биыл бұл жоба пилоттық режимде іске қосылды.

Білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезеңде үміткерлер құзыреттілікті бағалауға тестілеуден өтеді, екінші кезеңде оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде елдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, ал төртінші кезеңде қорытынды бағаланып, бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу болады. Соның негізінде кейін басшылардың республикалық кадрлық резерві құрылады. Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі, олар одан әрі жұмысқа орналасу үшін кадр резервіне алынады. Резервтегілер бірінші басшының бос орнына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Айта кету керек, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «көшбасшы-жетекші» біліктілік санаты беріледі.

Бұл жобаны жүзеге асыру "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан жаңа мектептерді дайын басшылармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге және жаңа форматтағы басшы, білім берудегі өзгерістер көшбасшыларының кадрлық резервін қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту жобасы іске қосылды

Оқу-ағарту министрлігі «Цифрлық технологияларды пайдаланып, Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасын және Солтүстік Қазақстан облысында Microsoft корпорациясымен бірлескен жобаны жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты – ауыл мектептерін дамыту және ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту. Бүгінде Ақтөбе облысындағы пилоттық жобаға өңірдің 134 мектебі қатысуда.

Жоба негізгі 3 үлгі бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші үлгі 2022 жылдың қараша айында басталған «Bilim all» жобасының аясында стриминг лекциялар түрінде қолға алынып, өңірдің 36 үздік мұғалімі шағын жинақталған мектептер үшін онлайн сабақтар өткізуде. Екінші үлгі - «Тірек мектеп – магниттік мектеп», мұнда ауылдық тірек мектептердің педагогтері шағын жинақты мектептердің оқушыларына негізгі оқу пәндерін: химия, биология, математика, физика және ағылшын тілі бойынша онлайн режимінде сабақ беруде. Үшінші үлгі аясында интернет желісі жоқ немесе интернет жылдамдығы төмен 9 шағын жинақты мектепте цифрлық технологияларды қолданумен офлайн сабақтары өткізілуде. Қазіргі уақытта барлық 3 үлгі де сынақтан өтіп жатыр. Жобаны барлық өңірлерге масштабтау 2024-2025 жылдарға жоспарланған.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында шалғай орналасқан елді мекендердегі балалардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету, біріктірілген сыныптар мәселесін шешу, облыстағы ауылдық және шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыру мақсатында Microsoft корпорациясымен бірлескен жоба жүзеге асырылуда.

Солтүстік Қазақстан облысының 107 мұғалімі Microsoft компаниясының платформасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Қазіргі уақытта пилоттық жобамен Солтүстік Қазақстан облысындағы 40 ауыл мектебі қамтылды.

Қазақстанның білім беру ұйымдарында біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді

Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы - тәрбие мәселесіне баса көңіл аударылды. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленіп, барлық мектептерге енгізілді. Оның мақсаты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бағдарламаның басты ерекшелігі - бала тәрбиесінде «ата-ана-мектеп-қоғам» ынтымақтастығын нығайту.

Қазақстандық колледждерде дипломдар Qr-код арқылы беріле бастады

Білім беру саласын цифрландыру аясында осы жылдан бастап техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім туралы дипломдар бланкіде QR-кодпен беріле бастады.

QR-код дипломның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді.  Ол құжаттың иесі жайлы деректер, оқу орны туралы ақпарат пен Ұлттық білім беру деректер қорынан алынған құжат деректемелері көрсетілетін мемлекеттік интернет-ресурсқа сілтеме береді.

Сонымен қатар 2023 жылғы 6 шілдеден бастап осы жылы беріле бастаған ТжКБ дипломдарын цифрлық жеке және жүргізуші куәліктері секілді  электронды үкімет порталындағы жеке кабинет немесе eGov электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттар сервисі арқылы немесе екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы алуға болады. Түлектерге «eGov Mobile» қосымшасы арқылы QR-код бойынша ақпаратты ұйымдар мен жеке тұлғаларға цифрлық түрде жіберу мүмкіндігі берілді. Мұндай тәжірибе жоғары оқу орындарын бітіргені туралы диплом беру кезінде қолданылып келеді.

Осы жылы 140 мыңнан астам колледж түлектері QR-коды бар дипломдар алады

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарындағы сақтық шаралары күшейтілді

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ел Президенті Республикалық педагогтар съезінде мектепті ең қауіпсіз орынға айналдыру қажеттігін атап өтті.

Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі ІІМ, ТЖМ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргізуде. Ведомство тиісті нормативтік құқықтық актілерді әзірледі.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарындағы сақтық шаралары күшейтілді. Балабақшалардың барлығына бейнебақылау орнатылды. Ал мектептердің 90 пайызы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылып, лицензияланған күзет қызметі және дабыл белгісі қойылды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар 100 пайызға жеткізіледі.

200-ден астам қазақстандық педагог «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде тағылымдамадан өтуде

Сапалы білім берудің негізі - мұғалімдердің әлеуетін үздіксіз арттыру екені белгілі. Осыған орай педагогтерді кәсіби дамыту жүйесі түбегейлі өзгеруде. Үздік білім беру ұйымдарының басшыларын «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3-6 айлық курсқа шетелдік стажировкаға жіберу жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта 200-ден астам қазақстандық педагог «Білім беру» және «Педагогика» бағыттары бойынша «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде тағылымдамадан өтіп жатыр.

Педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережелері әзірленді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтерді аттестаттау жүйесін жетілдіру жұмысы басталды. Атап айтқанда, Ұлттық платформа базасында педагог қызметінің нәтижелерін қалыптастыру процесі автоматтандырылуда. Аттестаттау тәртібіне өзгерістер енгізу мақсатында осы жылдың мамыр айында жұмыс тобы құрылып, оның құрамына білім берудің әр деңгейі бойынша педагогтер мен сарапшылар кірді. Бiлiм берудiң барлық деңгейлері мен педагогикалық лауазымдардың ерекшелiктерiн анықтау бойынша жұмыстар жүргiзiлдi. Нәтижесінде әр білім деңгейі бойынша жеке лауазым санаты үшін бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері әзірленді. Әр біліктілік санаты үшін белгіленген критерийлер сараланды. Бұдан басқа, сабақты бақылаудың автоматтандырылған түрі әзірленді, ол нақты сабақ мысалында сынақтан өткізілді. Жоспарланған жаңа өзгерістерге сәйкес, педагогтің жоғары кәсіби деңгейі мен табысты қызметі оқушыларының жетістіктеріне тікелей байланысты болмақ.

Айта кетейік, педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі 2024 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздің төрт облысында: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. Жобаны толық іске асыру 2024 жылдың көктемінде басталады деп жоспарлануда.

Серіктес жаңалықтары