Отбасы банкі даму институтына айналуы мүмкін

«Отбасы банкін» екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару ұсынылды

Отбасы банкі даму институтына айналуы мүмкін
Liter.kz
968

Мәжілістің жалпы отырысында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды, деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ, тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жүзеге асырады. Заң жобасы шеңберінде бұл фунцияларды Отбасы банкіне беру ұсынылған. Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асыратын болады. Осыған байланысты Отбасы банкін ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр», - деді құжатты таныстырған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Ведомство басшысының сөзінше, Отбасы банк берілетін функцияларды орталықтандырылған түрде жүзеге асыратын болады.

Бұдан бөлек, Отбасы банкін екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару да көзделген.

«Сәйкесінше, Отбасы банк банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асыратын болады», - деп жалғастырды министр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі және Ұлттық Банк Отбасы Банкке қатысты келесі қадағалау функцияларын сақтайды:

- қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау;

- валюталық реттеу және бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алу;

- қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;

- ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинау;

- бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және тағы басқа.

«Отбасы банкін екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен шығаруға әкеледі. Осыған байланысты, Отбасы банкінде орналастырылған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепілдік беру ұсынылып отыр», - деп түсіндірді Шарлапаев.

Министр жаңа механизмдерге сәйкес жергілікті атқарушы органдардағы бөлек тізімдер (646 мың адам) Отбасы банкіне өзгеріссіз берілетінін атап өтті.

 

Серіктес жаңалықтары