Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады

Мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады
сурет ашық дереккөзден алынды

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Жұмыс тобы Заң жобасын екінші оқылымға дайындау шеңберінде өз жұмысын жалғастыратын болады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру және «Отбасы банкі» толыққанды даму институтын құру мақсатында әзірленген.

Нақтырақ айтқанда, «Отбасы банкі» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Оған жекелеген санаттардағы мүшелігіне қарамастан тұрғын үйге мұқтаж барлық азамат тіркеле алады. Бұл «бір терезе» қағидатын қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кезекке жаңадан тұрған азаматтардың баспанасыз болу мерзімін 10 жылға дейін ұлғайту ұсынылып отыр.

Заң жобасында 23 заңнамалық актіге, оның ішінде Азаматтық, Азаматтық процестік, Қылмыстық-процестік және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және басқа да Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.

Заң жобасы:

- тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының тізбесін анықтауға, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаждық өлшемшарттарын айқындауға;

- тұрғын үйге мұқтаж адамдардың кезектілігін жүргізу тетігін жетілдіруге;

- «Отбасы банкі» акционерлік қоғамын ұлттық даму институты етіп қайта құруға және оған азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функцияларын беруге;

- Үкіметтің және тұрғын үй қатынастары саласын жетілдіру жөніндегі уәкілетті органның құзыреттерін нақтылауға;

- мемлекеттік міндеттерді, әскери қызметті атқару және құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы норманы енгізуге;

- тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың жалға алу төлемдері бойынша субсидияларды өндіріп алудан және оларға билік етуге шектеу қоюдан қорғауды заңнамалық тұрғыда бекітуге;

- кондоминиум объектісін басқару органдарының қызметі жөніндегі нормаларды жетілдіруге бағытталған.

Жұмыс тобына комитеттер мен депутаттардан 379 ұсыныс келіп түсті, олар мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық және сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он тоғыз отырысында, Комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланды. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша қорытындыларын берген.