Qazaq Air Новосибирск қаласына қайта ұша бастайды

Ұшақтар Қазақстанның екі қаласынан ұшады.

Qazaq Air Новосибирск қаласына қайта ұша бастайды
flyqazaq.com
913

Биыл желтоқсан айынан бастап Qazaq Air Астана – Новосибирск бағыты бойынша аптасына 5 рейске дейін және Өскемен – Новосибирск  бағыты бойынша аптасына 2 рейс жоспарланып отыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламада Мәскеудегі көлік апталығы аясында Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев пен Ресей Федерациясының көлік министрі Виталий Савельевтің кездесуінде нақты келісімге қол жеткізілгені көрсетілген.

Тараптар әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін де талқылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Ресей әуе қатынасын өзара кеңейту және елдер арасындағы транзиттік тасымалдауды арттыру туралы келісімге келген. Түркістанда өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 24-ші отырысында тараптар логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын баса айтты.

Атап айтқанда, әуе көлігі саласында Қазақстан мен Ресей әуе қатынасын өзара кеңейтуге келісті. Сол кезде QAZAQ AIR әуе компаниясының Новосібір мен Челябіге рейстерін көбейту туралы уағдаластыққа қол жетті.

Баяндамада екі елдің аумағы арқылы транзиттік тасымалдауды одан әрі ұлғайту, жол инфрақұрылымын бірлесіп дамыту және Қазақстан – Ресей шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту жоспарлары бар екені айтылды.

Сонымен қатар қатысушылар электр энергетикасы және мұнай-газ салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асырудың келешегін қарастырды.

Серіктес жаңалықтары