Қазпошта мен Amazon ынтымақтастық орнатты

Қазпошта» «Amazon Web Services»-тің озық технологияларын пайдаланып, инновациялық АТ-шешімдерді енгізе алады, бизнес-процестерді автоматтандырып, жаңа өнімдері мен қызметтерінің нарыққа шығу уақытын қысқарта алады.

Қазпошта мен Amazon ынтымақтастық орнатты
сурет: kazpost.kz
751

«Қазпошта» «Amazon Web Services»-пен ынтымақтастық орнатқаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz «Қазпоштаның» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Amazon Web Services»-пен іскерлік серіктестік – бұл операцияларды оңтайландыру және қызметтер спектрін кеңейту бағытында бірегей мүмкіндіктер ұсынатын, «Қазпошта» АҚ-ның цифрлық трансформациясының негізгі кезеңі болмақ. «Қазпошта» «Amazon Web Services»-тің озық технологияларын пайдаланып, инновациялық АТ-шешімдерді енгізе алады, бизнес-процестерді автоматтандырып, жаңа өнімдері мен қызметтерінің нарыққа шығу уақытын қысқарта алады, – деп жазылған мәлімдемеде.

Еске сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Amazon» корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесуі барысында, бұлтты технологияларды дамытудағы өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланған еді.

Сол кезде ҚР Президенті: «елімізде цифрлық саланы одан әрі дамыту үшін, өз санатындағы үздік инфрақұрылымдық шешімдер қажет болатынын», - атап өткен еді. Осындай жоғары деңгейдегі кездесу «Amazon»-ның қазақстандық компаниялармен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айғақтайды.

«Бұлтқа негізделген жаһандық өнімдердің ауқымды жиынтығын ұсынатын үздік әлемдік компаниямен бірлескен жұмыс - біздің компания қызметін барынша жылдамдатып, ақпараттық технологиялар шығындарын оңтайландырады. «Amazon Web Services» ресурстарының арқасында «Қазпошта» АҚ әрдайым озық технологиялық прогресте болады және біз қызмет көрсету сапасы мен оның жылдамдығы бойынша жоғары деңгейге көтеріле аламыз», - деді «Қазпоштаның» Басқарма төрағасы Әсел Жанасова.

Серіктес жаңалықтары