Нағыз мұқтаж азаматтар мемлекеттің көмегінің жұрнағын да көрмейді – Ерлан Сайыров

Ерлан Сайыровтың сөзінше, Үкімет «Тарифті инвестицияға айырбастау» реформасы кезінде көптеген мәселеге назар аударуға тиіс.

Нағыз мұқтаж азаматтар мемлекеттің көмегінің жұрнағын да көрмейді – Ерлан Сайыров
сурет: aikyn.kz
515

Депутат Ерлан Сайыров Мәжілістің жалпы отырысында коммуналдық төлемдерге қатысты мәселе көтерді.

Халықтың әл-ауқаты төмендеп,  төлем қабілеті азайып бара жатқандығына қарамастан, Үкімет коммуналдық сфераның тарифтерін өсірді. Азаматтардың төлем қабілетінің төмендігіне байланысты, азаматтар жылына коммуналдық төлемдерге 15-млрд теңге қарыз болып қалады. Үкімет «Тарифті инвестицияға айырбастау» принципін жүзеге асырғанда, халықтың қалтасының жұтаңдығы ескерілуге тиіс. Тұрғын үй көмегі квартал сайын төленеді, әр кварталға  орташа есеппен 20 мың теңге. Оның өзін нағыз мұқтаж адамдар ала алмайды. Өйткені, бұл өтемді алу үшін, өзіңнің меншік үйің, немесе мемлекеттен жалға алынған үйің болуы тиіс. Ондаған құжат толтыру керек. Ең бастысы, үй-күйі жоқ, квартира жалдап жүрген, біреудің ауласын жағалап жүрген, ондаған мың нағыз мұқтаж азаматтар мемлекеттің көмегінің жұрнағын да көрмейді! Олар мүлдем мемлекеттің есебінде жоқ! Тарифтердің өсуінен қиналатын, өтемақыға ең зәру осы кісілер, – дейді депутат.

Ерлан Сайыровтың сөзінше, Үкімет «Тарифті инвестицияға айырбастау» реформасы кезінде көптеген мәселеге назар аударуға тиіс.

Клебанов тәрізділердің бизнесі жүрмей қалды деп, «сіңір кедейлерді» қанай беру күпіршілік болады! AMANAT Фракциясы әлеуметтік әділеттілік принципі мемлекеттің басты миссиясы деп санайды. Үкімет «Тарифті инвестицияға айырбастау» реформасы кезінде келесі мәселеге назар аударуы қажет! Тарифтердің қымбаттауына байланысты төлемақының сомасын арттыру. Бұл төлемақыны нағыз мұқтаж, қалада өзінің баспанасы жоқ, квартира жалдап тұратын азаматтардың алуына нормативтік тетіктер жасау. Баспанасы жоқ, квартира жағалап жүрген азаматтарды статистика мәліметтеріне енгізіп, олардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жасайтын әдістеме енгізу. Бүгінде квартира жалдап, дачаларда тұрып жатқан азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік  гарантия алуының жүйесін жасау. Олар біздің азаматтарымыз! Бұл азаматтар бүгін бірде-бір статистика мәліметтерінде тіркелмеген, яғни ол адамдар мемлекеттің есеп санатында мүлдемге жоқ! Аталған санат азаматтарға көңіл аудармау ертең терең әлеуметтік, саяси тәуекелге алып келуі ықтимал, – дейді ол.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары