Алматыда жаңа темір жол құрылысы басталды

Құрылыс кезінде 1400 адам жұмыспен қамтылып, желі іске қосылғанда шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.

Алматыда жаңа темір жол құрылысы басталды
primeminister.kz
800

Алматы облысында Алматы стансасын айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы басталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуда маңызы зор инфрақұрылымдық жоба іске асырылып отыр. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов темір жол желісінің алғашқы буынын төсеу рәсіміне қатысты.

2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы темір жол жүк тасымалы 23 млн тоннадан артып, тарихи максимумнан асты. 2023 жылдың басынан бері аталған көрсеткіш тағы 22%-ға өсті. Мұндай жағдайда негізгі халықаралық бағыттардың қиылысында орналасқан Алматы темір жол торабына жүктеме артып отыр.

Сонымен қатар жобаны іске асыру Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек бек жаңа темір жолына жүк ағынын қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Жалпы, жаңа желі Алматы торабындағы жүктемені 40%-ға азайтып, жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартады.

Әлихан Смайылов «Алтынкөл-Қорғас» шекаралық өткелі арқылы өтетін темір жол бағыты соңғы жылдары қарқынды өсім көрсеткенін атап өтті.

«Аталған транзиттік дәлізде Алматы темір жол торабы Шу, Ақтоғай, Алтынкөл және Алматы-2 бағыттары бойынша пойыздардың қозғалысын қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін 2 есеге қысқартады», - деді Премьер-министр.

Ол, сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру барысында қазақстанның үлесі кемінде 85% болатынын айтты. Құрылыс кезінде 1400 адам жұмыспен қамтылып, желі іске қосылғанда шамамен 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Шпал, рельстер мен трансформаторлар шығаруды, инертті материалдар, құм және қиыршық тастарды жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асырады», - деді Әлихан Смайылов.

Жалпы құрылыс процесінде 130 км темір жол төселеді, 3 станса, 13 көпір, 5 т/ж және 1 автокөлік өткелі салынады.

Ресми іс-шарада құрметті теміржолшы, еңбек ардагері Қалтай Сәмбетов сөз сөйледі.

«Жетіген – Қазыбек бек бекеттерінің арасында теміржолшылар көптен күткен жол құрылысы басталды. Бұл жолдың маңызы зор, өйткені ол ел экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне ықпал етеді. Аталған темір жол бағыты Қазақстан мен Қытай, Орталық Азия мен Ресей арасындағы транзиттік мүмкіндіктерді едәуір арттырады», - деді ол.

Отандық өнімнің үздіксіз экспортын қамтамасыз ету және жүк транзитін кеңейту мақсатында Қазақстанда темір жол инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатқанын айта кеткен жөн. Осылайша, өткізу қабілетін арттыру үшін Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдар салынуда. Жақын арада Қытаймен үшінші халықаралық түйісу нүктесіне шығатын Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз темір жол желілерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Үш жыл ішінде барлығы 1300 шақырымнан астам темір жол салынады.

«Бүгін біз Алматы торабын айналып өтетін темір жол желісінің құрылысын бастаймыз. Ол Орталық Азияға, Еуропаға және Каспий теңізі порттарына бағытталған транзиттік жүктердің өтуін жылдамдатады. Бұл желі соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқан Алматы торабын жеңілдету үшін өте қажет. Әсіресе, Алматының маңы. Өнеркәсіп дамып келеді. Өткізу қабілетін қажет ететін көлік-логистикалық орталықтар салынуда», — деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов.

Оның айтуынша, бүгін Алматы торабына келетін жүк 1,5–2 тәулікке кешігіп жатыр. Алайда, жаңа теміржол желісінің арқасында тораптың жұмысы айтарлықтай жақсарады.

«Менің ойымша, мұнда қызмет көрсетілетін барлық жүк жөнелтушілер мен жүк алушылар мұны бірден сезінеді. Бұл жұмыс еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін дамытуға қатысты Президенттің Жолдауын іске асыру шеңберінде жүргізіліп отыр. Бүгінде республикада жүктерді жедел өткізу үшін шын мәнінде қолайлы жағдайлар жасалуда», — деп атап өтті Қанат Әлмағамбетов.

Серіктес жаңалықтары