Смайылов Азия Пара ойындарының жеңімпаздарымен кездесті

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Азия Пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарын табыс етті.

Смайылов Азия Пара ойындарының жеңімпаздарымен кездесті
primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлады turkystan.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқып, қазақстандық паралимпиада ойыншыларын өткен Пара ойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтады.

«Сіздердің бойларыңыздағы жанқиярлық рух пен жеңіске деген құштарлық миллиондаған адамдарды өмірдегі қиындықтарды еңсеруге және табысқа жетелейді. Сіздердің керемет спорттық өнерлеріңіз адамның ерік-жігерінің шексіз екенін паш етті. Сіздердің әрқайсыларыңыздың өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін шеберліктің, батылдықтың, сондай-ақ табандылықтың үлгісі. Онсыз, әрине жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес», – деді Премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, жетістікке жету жолында паралимпиадашыларға қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар да ерекше құрметке лайық.

«Сіздер табысқа жету жолында талмай күрестіңіздер. Азия Пара ойындарындағы бүгінгі жеңістер — болашақ Паралимпиада жетістіктері үшін маңызды қадам», – деді ол.

Үкімет басшысымен кездесуге құрлықтық жарыстардың жеңімпаздары Давид Дегтярев (пара пауэрлифтинг), Нұрдәулет Жұмағали және Диас Кенжебек (пара жүзу), Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей және Олжас Оразалыұлы (пара дзюдо), Дастан Мұқашбеков (жеңіл атлетика) қатысты.

Азия рекордшысы Нұрдәулет Жұмағали мұндай ірі жарыс алаңында өнер көрсету әрқашан үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

«Жаттығу барысында біз барлық тапсырмаларды бұлжытпай орындадық. Жарыс алдында дайындығымыз жоғары деңгейде өтті. Азия Пара ойындарында бүкіл қазақ елінің қолдауын ерекше сезіндім. Барлық спортшылардың атынан, Қазақстан халқына зор алғысымды білдіремін. Алдағы Паралимпиада ойындарында еліміздің әнұранын шырқыратуға бар күшімізді саламыз», – деді ол.

Пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Азия Пара ойындары қазақстандық спортшылар үшін Паралимпиада алдындағы үлкен сынақ болғанын атап өтті.

«Біздің жетістігіміз – барлық жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Барлық спортшылардың атынан алдағы Паралимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып, елімізді жақсы жетістіктермен қуантамыз деп толық сеніммен айтамын», – деді ол.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Азия Пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған жаттықтырушыларға Мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Қазақстанның Паралимпиадалық дзюдо федерациясы да Президенттің алғыс хатымен марапатталды.