Отандық 34 компания Сауд Арабиясына ет пен бал экспорттай алады
Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 16,5 млн долларды құрады.
2023 жылғы 24-26 қараша аралығында мемлекеттік экспортты қолдау шараларының операторы QazTrade қазақстандық өндірушілер үшін Сауд Арабиясына сауда-экономикалық миссия ұйымдастырады, деп хабарлады Turkystan.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен сілтеме жасап.
Экономикалық миссияның мақсаты – Сауд Арабиясының іскер серіктестерімен ынтымақтастық орнату, импорттаушылармен, трейдерлермен және дистрибьюторлармен келіссөз жүргізу және Қазақстан экспортының үлесін арттыру.
«Қазақстанның Сауд Арабиясына бағыттаған экспортының әлеуеті 428 млн долларды құрайды. Өндірушілер отандық өнімнің 75 түрін нарыққа шығара алады. Металлургия және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының, атап айтқанда, ет өнімдері, бал, ұн және кондитерлік өнімдердің экспорттық әлеуеті зор», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, ет және бал өнімдерін өндіретін отандық 34 компания Сауд Арабиясына тауар экспорттаушылардың тізіліміне енген.
2022 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы 16,5 млн долларды құрады. Оның 4,7 млн доллары экспорттың үлесіне тиді.