Архивін сақтамаған ел тарихы тоналған ұлтқа, жады жоғалған жұртқа айналады – Дархан Қыдырәлі

Сенатордың айтуынша, еліміздегі архивтердің жағдайы көңіл көншітпейді.

Архивін сақтамаған ел тарихы тоналған ұлтқа, жады жоғалған жұртқа айналады – Дархан Қыдырәлі
сурет: newsroom.kz

Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі архив мәселесін көтеріп, Премьер-Министрге сауал жолдады. Сенатордың айтуынша, архивтердің жағдайы көңіл көншітпейді.

Бірінші кезекте, архив саласының қауіпсіздігі мәселесі. Елімізде архив құжаттарын сақтандыру қорын қалыптастыру мен оны сақтау бойынша заңнамалық талаптар тиісті материалдық-техникалық жағдайдың болмауына байланысты жүзеге аспай келеді. Республика бойынша архив қоймаларының 90%-тен астамы толып қалған. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 100% құрауына байланысты құжаттар сақтауға қабылданбайды. Архивтердің 98% заңнама талаптарына сай келмейтін ғимараттарда орналасқан. 2022 жылы қаңтар айында Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Тараз қалаларының ведомствалық архивтері отқа оранды, қаншама құнды құжат жанып кетті. Түрлі апаттар мен төтенше жағдайларда құжаттарды эвакуациялайтын арнайы орындар жоқ. Сондықтан архив қоймаларын кеңейту, құжаттарды қорғау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды ескере отырып архивтер үшін арнайы ғимараттар салу ісі ұлттық мұраның сақталуы тұрғысынан маңызды міндет, – деп жазылған сауалда.

Сенат депутаты өзге ел тәжірибесін мысалға келтіреді.

Өркениетті елдердің мұрағат ісіне қаншалықты мән беріп отырғаны белгілі. Мәселен, Ресей, Түркия, Өзбекстан сияқты іргелес елдерде архив ісі тікелей Президентке немесе Премьер-министр кеңсесіне қарайды. Елімізде құзіретті органның өкілеттігінің жетпеуінен түрлі бюрократиялық кедергілер туындап отыр. Архивтердегі құжаттарды сақтау мәселесі де сын көтермейді. Олардың басым бөлігінде талаптарға сай келетін тиісті қор сақтау қоймалары, тіпті қарапайым құрал-жабдықтар жоқ. Соның салдарынан құнды құжаттар қолдануға жарамай қалады. Арнайы мамандар тапшы болғандықтан, реставрациялық жұмыстар да жүргізілмейді, – дейді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар, сауалда архив қызметкерінің жалақысы аз екені, бірақ, шаруа шаш етектен екені де айтылған.

Елімізде 229 мемлекеттік және арнаулы архив жұмыс істейді екен. Оларда жалақы аз, жүктеме көп болғандықтан кәсіби мамандар тұрақтамайды. Өңірлерде ауысым 50% құрайды. Орталық мемлекеттік архивтердің штат саны мен бекітілген еңбек нормасы жоқ. Әрбір архив «цифрландыруды» жүйесіз, қызметкерлердің біліктілігіне байланысты әртүрлі жүргізеді. Ұлттық бағдарламар арқылы елге әкелінген көптеген құжаттар әлі жеке қолдарда жүр. Оларды ұлттық архивке өткізу міндеттелмеген. Сонымен бірге «Архив – 2025» бағдарламасын қайта қарау қажеттігі де туындап отыр. Архивін сақтамаған ел – тарихы тоналған ұлтқа, жады жоғалған жұртқа айналады. Бұл ретте тиісті ғимараттардың ескіргені, құзырлы орынның өкілеттігінің жеткіліксіздігі, қаржыландыру мен штаттың аздығы, жалақының төмендігі сияқты себептерге байланысты архивтерге мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігі айқын сезіледі, – деді сенатор.