«АрселорМитталТеміртау» мемлекетке қайтарылады
Костенко атындағы шахтасында орын алған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылған болатын
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында орын алған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылған болатын, деп хабарлады turkystan.kz.
"Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады. Сондай-ақ, Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігін хабарлаймыз", - делінген Үкіметтің баспасөз қызметіне таратқан хабарламада.