797
Астанада үшінші жылу электр орталығы іске қосылады
Инженерлік желілер сақадай-сай.
Энергетика министрлігі Астанадағы үшінші жылу электр орталығы желтоқсан айының ортасына дейін кезең-кезеңімен іске қосылатынын жариялады, деп хабарлайды Turkystan.kz.
Министрліктің мәліметінше, энергия нысаны 95% дайын. Қазір мұнда әрлеу жұмысы жүріп жатыр. Инженерлік желілер сақадай-сай.
«5 қазанда №1 су жылыту қазандығы жағылды. 25-30 қазан аралығында №4 қазандықты, 20-25 қараша аралығында №2 қазандықты, 25-30 қараша аралығында станцияның өз қажеттілігі үшін қазандықты, 15-20 желтоқсан аралығында №3 қазандықты іске қосу жоспарланған», – деп жазылған министрліктің ақпаратында.
Белгілі болғандай, 4 қазандықты кезең-кезеңімен іске қосу елорданы 440 Гкал/сағ көлемінде қуат өсімімен қамтамасыз етеді.