Димаш Құдайберген Қазақстанның халық әртісі атанды

Биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қосылды.

Димаш Құдайберген Қазақстанның халық әртісі атанды
sputnik.kz

«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын иеленгендердің есімі белгілі болды, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

Биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қосылды. Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова - «Қазақстанның халық жазушысы» атағын иеленді. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер - Р.Стамғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.