- МЕН «ЕКІНШІ ВИТАС» ЕМЕСПІН...
- ЖАРАЙСЫҢ, ҚАНАТ!
Жуырда біз асыға күткен тағы бір жекпе-жек өтті. Қанат Ислам Американың Уилмингтон қаласында бірінші орта салмақта бразилиялық Робсон Асиспен қолғап түйістірді. Робсон осы уақытқа дейін шаршы алаңға 19 рет шығып, оның 16-сында жеңіске жетіп, 3 рет ұтылған. Әлемдік рейтингтегі көрсеткіші онша көңіл көншітпейді. Дегенмен, кейде ондай жанның кенеттен дәл тиген бір-ақ соққысы қарсыласын есінен тандыруы мүмкін. Ал жерлесіміз Қанат осыған дейін 22 жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіс биігінен көрінді. 19 жекпе-жегін нокаутпен аяқтаған. Үш белдіктің иегері. Бұл кездесуде біз Қанаттан жеңіс күттік. Оның жеңетініне де сенгенбіз.
Кездесудің алғашқы минутында-ақ біз күтпеген жағдай орын алды. Робсонның әлде әдейі, әлде кездейсоқ басы Қанаттың оң жақ шекесіне қатты соқтығып, қасының үсті жарылып, қан ақты. Рефери жекпе-жекті тоқтатып, дәрігер көмегіне жүгінгенде бәріміз: «Апырай, дәрігер боксты ары қарай жалғастыруға болмайды», − дей ме екен, қайтер екен деген екіұшты ойда болдық. Көкейімізде күдік пен үміт шарпысып жатты. Бір жағы шекесінен төмен қарай сорғалаған қанға қарап, Қанатқа жанымыз да ашыды. Бокстан гөрі оның денсаулығы қымбат қой. Жоқ, дәрігер жекпе-жекті жалғастыруға болады деген нұсқау берді. Сол-ақ екен шаршы алаңға Қанат ойнақтап шыға келді. Есесі кеткен арыстандай атылып, Робсонды бұрыштан бұрышқа қуалап, төпелеткен соққыларының астына алсын бір. Оның бір сәтте дүлей соққысынан шегініп барып құлай жаздаған Робсонды рингтің керме арқаны ұстап қалды. Екінші рет иектен қатты соққанда Робсон шалқалап барып құлады. Рефери есеп ашып санап жатыр. Робсон есін жия алар емес. Тұруға талпынып еді, денесін игере алмай етбеттей тағы құлады. Рефери жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Солай Қанат оны бірінші раундта-ақ сұлатып салды. Спорт шолушысына берген сұхбатында ол ендігі кезекте Мейвезермен жекпе-жекке шыққысы келетінін хабарлады. Флойд Мейвезер оңай шағыла қоятын боксшы емес. Оны спорт сүйер қауым жақсы біледі. Бірақ біздің Қанаттай оғлан оған дес бере қоймас. Қазір нағыз бокстан кемеліне келген кезі. Сол кездесу Қанаттың өзі айтқандай «ЭКСПО-17» күндері Астанада өтсе дейміз. Қазақы шапан, төбел тақия киген Қанаттың жеңісті жолдарын жалғастырып, Көк туымызды әлі талай жекпе-жектерде рингтің шаршы алаңы төрінен желбіретері анық.
3. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ АБАЙЛАСАҚ...
Әлеуметтік желі тұрмысымызға енгелі қашан. Қазір қолында қалта телефоны бар жандардың көпшілік орындарында, тіптен автобустарда да құлақ тыңдағыштарымен «фейсбук» желісінен жаңалықтармен қатар жайсыз жағдайларды да көріп, тыңдап жүргендерін білеміз. «Фейсбук» техникалық прогрестің соңғы жетістігі, жедел байланыстың тамаша желісі екенінде дау жоқ. Бірақ соны тиімді әрі мәдениетті пайдаланып жүрміз бе? Өкінішке қарай олай емес. Жуырда сол желіден мынандай бір айтылған анайы-арсыз сөздерді естіп, амалсыздан жағамызды ұстадық. «...Сен маған неге тиісе бересің. ....закрой рот. Өлтірем. (балағаттау, былапыт сөздер). Отстан от меня. Мен саған не істедім? Не жазығым бар? Аузыңды жаппасаң, қазір ... ашамын. (тағы да былапыт сөздер). Бізге ешкімнің ақылы керек емес. Сендердің группаларыңның бізге бес тиынға да керегі жоқ. Өзіміз басқа группа ашып аламыз. ...Оттама. Шатысқың келіп отыр ма? Аузыңа келгенін оталақтамай отыр. Білдің бе? Ол тіпті жындының жындысы. Ең бірінші соның аузын жабыңдар. Немене кластастарыңның қатындарын кіргізіп, бізге алпыс бестің қыздарына күлсін бе?..». Екі жақты ұрыс-керіс осылай кете береді. Телефонның кішкене экранынан «Апырай, алпыс бестердің арасы не болды екен?» деген жазулар да шығып жатыр. Демек олардың бұл ұрыс-керісі дүниенің төрт бұрышына, жалпақ жұртқа тарап кеткен.
Жұртқа жақсыдан гөрі жамандық тез жұғады. «Фейсбукті» осылай да пайдалануға болады екен ғой дейтіндер қатары көбейіп жатса сол жаман. Ұлттық тәрбиеге нұқсанын келтіреді. Несін жасырайық, келтіріп те жатқан жоқ па. Мұндай әлеуметтік кесел қашан, қайдан пайда болды? Оның бірден-бір себебі биліктің ең тиімді тәрбие құралы болып табылатын әдеби кітаптарға көңіл бөлмеуінен басталды десек, асылық айтпаспыз. Қазір әдебиетті насихаттау мүлдем жоқ. Жыл сайын аздаған жазушылардың кітаптары аз тиражбен шығады. Кітапханаларға ғана бір-екі данамен түскен кітаптар қай оқырманға жетсін. Әлгі ұрысып-керісіп жатқандардың кітап оқымайтыны, театрға бармайтыны айдан да анық. Кітаптардан әдеби шығармалар оқыса, газет-журналдардағы тағылымды материалдарға көз жүгіртсе, театрлардан спектакльдер көрсе, ондай былапыт сөздер айтып, мәдениетсіздікке бармаған болар еді.
«Ештен кеш жақсы». Билік ақын-жазушылардың шығармаларын кітап етіп шығарып, насихат жұмыстарын жүргізсе, бәлкім әлгіндей жандар құлақ асып, имандылыққа келер. Ғұламалар «Кітап – рухани азық, тәрбие құралы» деп бекер айтқан ба?!