Тоқаев: «Бір белдеу, бір жол» – ХХІ ғасырдың мегажобасы

Президент Бейжіңде өтіп жатқан жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» ІІІ форумына қатысып жатыр.

Тоқаев: «Бір белдеу, бір жол» – ХХІ ғасырдың мегажобасы
Akorda
761

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, тату көршілік қатынастарды, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

««Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға», – деді Президент Бейжіңде өтіп жатқан жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» ІІІ форумында.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жетістіктері жөнінде де айтты. Осы ретте, Президенттің пікірінше, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз, Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, бастаманы іске асыруда ерекше рөл атқарады. Айтуынша, Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен құрлықішілік мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр.

«Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салды. Бұл – Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары