Исламбек Салжанов: «Әр қазағым, жалғызым» дейтін кәсіпкерлер болса, көп мәселені шешуге болады»
Кәсіпкерлер шетелде оқыған жастардың кәсіп ашуына жағдай жасауы керек.
«Отандастар» форумының бас серіктесі - «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Исламбек Салжанов елге шетел тәжірибесін тартуды ұсынды, деп хабарлады Turkystan.kz.
Кәсіпкер орталық ашу, іс-шара ұйымдастыру сияқты бастамалар мен ұсыныстарға қаражат қажет екеніне тоқталды.
«Елім, жерім дейтін, ұлтым дейтін, «әр қазағым, жалғызым» дейтін кәсіпкерлер болса, Қазақстанда да, шетелде де көп мәселені шешуге болады. Солай емес пе? Сондықтан менің айтатыным, кәсіпті дамыту керек», – деді И. Салжанов.
«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы шетел тәжірибесін елге тарту қажеттігіне тоқталды.
«Америка, Еуропа сияқты дамыған мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз сол жақтан технологияны, білім мен тәжірибені елге тартуы керек. Жергілікті қазақ жастарына үйретуі керек. Қазақстанда тұрып жатқан жағдайы бар кәсіпкерлер шетелде оқыған қазақтарға, соның ішінде жастарға қолдау көрсетіп, кәсіп ашуына жағдай жасауымыз керек», – деді И. Салжанов.