Қазақстанда орта кәсіпкерліктің дамуына не кедергі? – сарапшы жауабы

Маманның мәлімдеуінше, орта кәсіпкерлікте салыққа қатысты біршама қиындық бар.

Қазақстанда орта кәсіпкерліктің дамуына не кедергі? – сарапшы жауабы

«Орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осылай деді. Еліміздегі орта кәсіпкерліктің дамуына не кедергі? Үкіметке орта кәсіпкерліктің тынысын ашу үшін қайтпек керек?  Бұл туралы Turkystan.kz. тілшісіне экономист-ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Ғалымжан Есқараұлы баяндады.

Маманның мәлімдеуінше, орта кәсіпкерлікте салыққа қатысты біршама қиындық бар.

«Кәсіпкерлік құрылымы бойынша шағын, орта және ірі болып үшке бөлінеді. Ал негізгі көрсеткіштері бойынша қаржысына, жұмыс орнының санына сондай-ақ бағытына қарай жіктеледі. Кез келген адам жеке ісін шағын кәсіпкерліктен бастайтындықтан, елімізде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі басым, – деді сарапшы.

Ғ. Есқараұлы Президент Жолдауында орта кәсіпкерлікте күрделі мәселе бар екені атап көрсетілгенін тілге тиек етіп, корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы мәселе туғызып тұрғанын айтты.

«Осы екеуін төлеу барысында орта кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар қиналып қалады. Қосылған құн салығы 12%-ды құрайды. Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы Ресей, Беларусь секілді елдердің салық  мөлшері Қазақстаннан жоғары. Аты аталған мемлекеттерден біздің елге өнім әкелген кезде доллар бағамы бойынша айырмашылық болады. Салдарынан Қазақстандағы орта кәсіп иелерінің қалтасы қағылады», – деді ол.

Экономистің айтуынша, қосылған құн салығының мөлшері отандық және шетелдік тауар сататын кәсіпкерлер үшін 2 түрлі болуы керек. Сонда орта кәсіп иелері салық ауыртпашылығынан құтылады.

Ғ. Есқараұлы қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға немесе 20%-ға дейін көтерілуі мүмкін екенін, бұл бастама болашақта жүзеге асырылатынын айтты.

«Қосылған құн салығы 1992 жылы енгізілді. Әу баста оның мөлшері 28% болды. Кейін 20%-ға, одан соң 16%-ға төмендетіліп, ақырында 12%-ға тұрақтады. Қосылған құн салығының мөлшерін төмендетудегі басты мақсат – Қазақстанға шетел инвесторларын тарту болды», – деді сарапшы.

Экономист корпоративтік салыққа байланысты шегерім көп екеніне назар аудартты.

«Кейде корпоративтік табыс салығы бойынша кәсіпорынның жылдық жиынтық табысы мен шегерімдеріне байланысты заңға жыл сайын түзетулер енгізіледі. Көп өзгертулерден кейін компания қызметкерлері мәселенің мән-жайын түсініп үлгермей қалады. 

Оның үстіне салық мөлшерлемесі дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, яғни 20 пайызды (өркениетті елдерде 30-45 пайыз аралығында) құрайды. 

Президент Жолдауда орта кәсіпкерлік әбден дамыған кезде ірі кәсіпкерлікке айналудың орнына, шағын субъектіге бөлшектеніп кететінін атап өтті. Оның бірден бір себебі, салық төлеуден қашу. Нақтырақ айтқанда олар ірі кәсіпкер болып 20 пайыздық табыс салығын төлегенше, шағын және орта кәсіпкер болып 3 пайыздық салық төлегенді құп көреді. Бұл салық төлеуден жалтару дегенді білдіреді.

 Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, корпоративтік табыс салығын төлейтін компанияға ынталандыру мақсатында әр түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен салықтық жеңілдіктер, мемлекеттен төмен пайызбен несие алу, гранттар мен әр түрлі жобаларға қатысу кезінде көбірек мүмкіндіктер беру», – деді сарапшы.

Ол Үкімет орта кәсіпкерлікті ілгерілету үшін ұтымды жүйеге көшуі тиіс екенін алға тарты.

«Қазақстанда орта кәсіпкерліктің үлесі 10%-ды құрайды. Ал дамыған мемлекеттерде 40%-ға дейін барады. Елімізде шағын кәсіпкерлік көп  ашылғанмен, жұмысы тоқтап тұрғандары аз емес. Бұған шикізаттың жетіспеушілігі бірден-бір себеп. Шикізатты шетелден алатындықтан, кәсіпорындар салық жеңілдігіне зәру», – деді Ғ. Есқараұлы.

Экономист Қазақстанда инфрақұрылымға тиісінше назар аударылмайтынын айтты.

«Президент атап өткендей, кәсіпорындардың бөлшектеніп кете беретініне тағы бір себеп - инфрақұрылымға тиісінше мән бермеу. Дамыған елдер бірінші кезекте инфрақұрылымды есепке алады. Яғни алдымен шикізат көзін дайындайды, кейін оны өңдейтін кәсіпорын салады. Бізде керсінше, өндіріс орнын салып алады да, шикізат іздеп жүреді. Салдарынан кәсіпорын жұмысы уақытша тоқтайды немесе банкротқа ұшырайды», – деді Ғ. Есқараұлы.

Сараршы бізде өнім өндіруге емес, алып-сатуға басымдық берілетінін баяндады.

«Шетелдің дайын дүниесін өткізуге құмармыз. Неге Ресейдің, Түркияның экономикасы жақсы дамыған? Себебі оларда өндіріс орындары көп. Президент осы олқылықтың орнын толтыру үшін отандық өнімді қолдауға шақырып отыр», – деді ол.

Экономистің пікірінше, кәсіпорындар арасында өзара тығыз байланыс болуы керек.

«Кеңес одағы кезінде инфрақұрылымды бір орталықтан басқарып отырды. Бір аймақта жетіспеушілік болса, екінші аймақтан қолдау көрсетілді. Жалпы, кез келген кәсіпорынның жұмысы қарқынды жүруі үшін нақты әрі тұрақты тұтынушы болуы керек. Бұған қоса кәсіпорындар арасында тығыз байланыс орнатылуы тиіс. Бізде осы жағы ақсап жатыр. Мемлекет басшысы Жолдауда ғылым мен өндіріс орындары арасында тығыз  байланыс орнатудың маңызы зор екеніне тоқталды. Бізге уақыт оздырмай осы мәселеге көңіл бөліп, нақты шара қабылдау қажет», – деп түйді ойын Ғ. Есқараұлы.