"Біз Асланбек пен Карина үшін соңына дейін күресеміз": Кеңес Рақышев сотқа шағымданатынын мәлімдеді

Басты мақсат - Асланбек Шымбергеновке Олимпиада лицензиясын және Карина Ибрагимоваға алтын медалін қайтару!

"Біз Асланбек пен Карина үшін соңына дейін күресеміз": Кеңес Рақышев сотқа шағымданатынын мәлімдеді
1299

Қазақстан бокс Федерациясының президенті Кеңес Рақышев Азия ойындарында өнер көрсеткен құрама капитаны Асланбек Шымбергеновке Олимпиада лицензиясын және Карина Ибрагимоваға алтын медалін қайтару үшін сотқан шағымданатынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы ол Бокс федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасына хабарлады. 

"Құрметті достар, Азия ойындарындағы боксшылар бәсекесі мәресіне жетсе де, әділдік жолындағы "жекпе-жектер" әлі аяқталған жоқ. Қазақстан бокс Федерациясы Қытай шаршы алаңында жекпе-жектер ұйымдастырған PBU ұйымына (Париж-2024 Олимпиадасындағы ХОК бокс бойынша жұмыс тобы) сотқа шағымданатынымызды ресми түрде мәлімдеймін. Басты мақсат - Асланбек Шымбергеновке Олимпиада лицензиясын және Карина Ибрагимоваға алтын медалін қайтару! 

Біз боксшыларымыздың құқықтарын қорғауға қатысты шаралар аясында ҚР туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитетінің бастамасын толығымен қолдаймыз. Біз бір жұдырық болып бірігіп, төрешілердің әділетсіздігіне және қабылдаушы тараптың қабілетсіздігіне қарсы шығуымыз керек. ҚБФ оған қоса өз тарапынан құқықтық рәсімдер мен пәрменді әдістерді пайдалана отырып, жұмыс жүргізеді. 

Достар, тағы да, қайталап өтейін. Турнирді IBA емес, ХОК өткізді, сондықтан шешімді өзгерту, шағым жасау және нәтижені қайта қарау жағдайлары мүмкін емес. Сонымен қатар, ХОК-тың тарихында бокстағы шешімдерді өзгерткен жағдай болып көрмеген. Бірақ біз Асланбек пен Карина үшін соңына дейін күресеміз. 

Біз үшін олар нағыз чемпиондар", – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары