Кеншілер қаласында керемет айтыс өтті

Жақында Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласының 50 жылдығына орай «Кен қазған құтты мекенім!» атты рес­публикалық айтыс өтті.

Кеншілер қаласында керемет айтыс өтті
turkystan.kz

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтыс өнерінің ерекшелігі туралы: «Айтысқанда түрлі нәрселер жайынан сөйлеп, бірін-бірі тосуға тырысады. Көбінесе бірінің-бірі басындағы, еліндегі, жұртындағы міндерін айтып тоспақшы болады. Айтыстың бұл жағының әлеумет алдында пайдасы зор. Адамның, елдің, жұрттың басындағы келіссіз ғамалдарын, мінездерін айтып көрсету, халықтың құлқын түзеуге зор пайдасы тиетін нәрсе», – дейді. Атамұра өнердің басқа көркемдік қырларын айтпағанның өзінде, оның көпшілікке таптырмас тәрбие құралы екенін Ахаң дөп басып жазған. Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Есмағанбет Ысмайылов, т.б. ғалымдардың көркемдік ерекшелігін, тәрбиелік сипатын жоғары бағалаған ұлттық мұрамызға қазіргі кейбір зиялы деп жүрген азаматтарымыздың кейде тасада жатып тас ататыны қынжылтады. Кім не десе де, айтыс қазақ деген халық барда ғасырлардан ғасырларға жететін жасампаз өнер екені айдан анық.

Жақында Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласының 50 жылдығына орай өткен «Кен қазған құтты мекенім!» атты рес­публикалық айтыста қазылар алқа­сы­ның құрамында болдым. Екі күн бойы ал­ты жүз орындық зал аузы-мұрынынан шы­ғып, лық толы отырды. Сөз додасын бес-алты сағаттан тапжылмай көр­ген кө­рер­меннің ұйымдастырушыларға ри­за­шы­лығына куә болдық.

Ғұлама Қаныш атамыздың атындағы қа­зыналы қалада бұл айтыс сегіз жыл қа­та­рынан республикалық жастар айтысы ре­тінде өткізіліп келеді екен. Игі дәстүр бел­гілі айтыс ақыны, қазіргі Парламент Мә­жілісінің депутаты Аманжол Әлтайдың ба­с­тамасымен жүйелі түрде жолға қойы­лыпты. Шәкірті, айтыскер ақын Өміржан Көп­босын екеуі жыл сайын дүбірлі дода­ның өтуіне мұрындық болып, биыл шаһар­­­дың жарты ғасырлық мерейтойында халыққа сақа ақындардың сөз сайысын сый­ға тартқан екен. Енді сол айтыстың өту барысын талдап көрейік. 

Бұл айтыста еліміздің әр өңірінен кел­ген он төрт ақын бақ сынады. «Алтын дом­­­­быраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ния­зов (Қызылорда), «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев (Баянауыл), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар Қамиев (Қарағанды), респуб­ли­ка­лық айтыстардың жүлдегерлері Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Жарқын Жұпархан (Қызылжар), Мұрадым Мирланов (Орал), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Рауан Қай­даров (Екібастұз), Нартай Тілеуқұл (Аста­­на), Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе). Ай­­шолпан Тілеутай (Семей), Абзал Ма­қаш (Сәт­баев) және айтыстың жас қар­лы­ғаш­тары Айым Асылбекқызы (Ал­маты) мен Алина Айдаралы (Та­раз) кеншілер қаласын екі күн жырға бөледі. 

Шынболат Діл­де­баев атын­дағы сарайда өт­кен дүбірлі доданың шымыл­дығын Сәт­баев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір ашып, сөз түйінінде:
Жыр түндігін түрді ғой Сәтбаевта,
Ақындар тұр осыған марқайып та.
Мына халқым қаншама күтіп қалды,
Аужеке, неғып тұрмыз, бастайық та! – деп шабыттанып бір шумақ өлең өріп жі­­­­­бергені әсерлі болды. Жыр сайысына ай­тыстың ақсақалы Жүрсін Ерман (он­лайн), жергілікті ақындар Мұса Тілеу мен Мұ­қаш Сейітқазинов, филология ғылым­да­рының докторы, ақын Қойлыбай Асан (тө­раға), Мәжіліс депу­та­ты, ақын Жанар­бек Әшімжан және осы жол­дардың авторы қазылық біз де жаса­дық. Айтысты ақын Аманжол Әлтай жүр­гізді. 

Алғашқы жұпта өнер көрсеткен Рауан Қай­даров пен Алина Айдаралының ай­ты­сы өз деңгейінде көріне алмады. Үлкен до­даға енді қосылған балауса мектеп оқу­шысы, 17 жасар Алина қызға тіс қаққан Рауан ақынмен айтысу оңайға соққан жоқ. Бір жағынан екі ақынға сөз бастау да жеңіл болмағанын түсіндік. Рауан Ұлытау өңі­ріндегі кейбір олқылықтарды тілге тиек ете отырып: «Ақындар кемдігіңді кө­ріп білсін, әкімдер кемдігіңді толық­тыр­сын» деп дүркіретіп сөз бастады. Қазақ да­ласының бар аймағынан жиналған ең­бек адамдарын тоғыстырған кеншілер қа­ласының кеңпейілдігін сөз етіп, «Қыр­дан келген ғалымға қала беріп, Сыр­дан кел­ген ақынға сарай берген» деп әспеттеді. Қыр­дан келген ғалымы – Баянауылдың тумасы Қаныш Сәтбаев, Сырдан келген ақы­ны – Шиеліде туған Шынболат Ділде­баев. Ақынның тілімен айшықталып ай­тылғанда өздері білетін ақпар да тың­дау­шы­ның айызын қандырады ғой. Халық оған қуана қол соқты.

Ал ұлты балқар болса да қазақтың дү­ние­танымын бойына сіңірген Алинаның ақын­дық талабына тәнті болдық. Бола­шақта Ұлбике, Айкүмістердің жолын жал­ғар жақсы ақын болар деп топшы­ла­дық. Дегенмен бұл жұптағы екі ақын да ке­лесі айналымға шыға алмады. 

Екінші жұпқа шыққан Нар­тай Тілеуқұл мен Ди­дар Қамиев біраз әзілмен сілкілесті. Нартайдың «Төреғали, Ер­кіндердің жо­лын қуып ән­ші болып кеттің, «Екі жұл­дыз» жобасына қатысқан соң көп айтысқа шықпай жүр­сің» деген қағытпасына Ди­­дар олар құсап айтыстан мүл­де кетпегенін айта келіп: «Эстрадаға ес-түссіз еніп ке­тіп, Айтыстың әдірісін таппай қал­ған» әнші­лер­дің қатарынан емес екенін ескертті. Нар­тай да қалыспай, екі облыс бөлінгенде Ди­дардың туған жері Шет ауданының (бұ­­рын Жезқазған облысына қараған) Қара­­ғандының құрамында қалып қой­ға­нын бетіне басып «Шетіңнің шеттегені бы­­лай тұрсын, Ағадырды өзіңмен ала кет­­­тің» деп елді ду күлдірді. Дидардың Түр­­­­­кияға жиі барып теңізде серуендей­ті­нін, Ұлытауға көп келмейтінін айтып «Шахтада жүргендердің жағдайын, Яхтада жүрген жандар қайдан білсін» дегені де ұтым­ды шықты. Дидар талай додаларда ысы­лып, тәжірибе жинаған ақын ғой. Уәж­­ге уәж қайтара отырып, кейбір тұстағы ұтым­ды сөзі арқылы жас ақыннан ұпайы үс­тем болды.
Үшінші жұптағы Мейірбек Сұлтан­хан мен Аспанбек Шұғатаевтың ай­­тысы нағыз сойқан дода болды. Аспан­бектің:
Атам көрген жерлерді көрейін деп,
Жетелеп алып келді жас көңілім. 
Өзімнің ауылымнан аумайды екен,
Бұрын мен көрмеген ем әсте бірін,
Қайдан жұттым деп отсам бұл ауаны, 
Қаныштың иісі екен ғой кәстөмінің, – деп қайырған ұзақ шумағын үзілісте көрермен тамсана талқылап жатты. Мейірбек те сөз­ден жаңылмаған сүлейлердің сарқыты ғой. «Анамның төркіні деп келген жерде, Бабамның төрт босаға төрі жатыр» деп төкпелете толғады. Мейірбек бұл өлкеден әкесінің жолын қуып қыз алғанын айт­қан­да, Аспанбектің «Ұлытаудан қыз алған ерлер көп қой, Ұлытауға ұл берген біз ғанамыз» деп Қаныш атасын меңзегені сәт­ті шықты. Елді тонаған жемқорлар мен мем­лекеттік тілді менсінбейтін мен­мен­дер­ді сынап: «Жошыларды тепкенше ақсақ құ­лан, Осыларды аузынан теппей ме екен» де­гені одан асып түсті. Мейірбек сан май­дан­дағы ұлы жеңістерге Ұлытаудағы кен­шілердің де қосқан үлесі көп екенін жырға қо­сып: «Жауға шапқан батырды мақта­ған­да, Қылыш соққан ұстаны ұмытпайық» деп түйіндеді. Елеулі айтыс жасап, елдің ықы­ласына бөленген екі ақын да ең жо­ғары ұпай­мен келесі кезеңге өтті. 

Төртінші жұптағы Жарқын Жұпархан мен Айшолпан Тілеутай әзіл-шыны аралас, «ауыр салмақтағы томпақтардың» (Жар­қын) айтысын жасады. Жарқынның осы әзіліне Айшолпан: 
Негізі томпақ болған жақсы емес пе, 
Күрескенде өліспей беріспейміз. 
Екеуіміз қатарласып домаласақ,
Сәтбаевтың жолдарын тегістейміз, – деп астарлы қалжыңмен қарымта жауап бер­­ді. Кеңес Үкіметі кезінде Жезқазған об­­­­лысын басқарып, атақты «Жезкиік» әні­нің сөзін жазған жерлесі Кәкімбек Са­лықов­т­ы жырға қосқан Жарқын «Кәкімбек ту­ған жерден келіп тұрмын, Кәкімбек маң­­дай терін төккен жерге» деп тыңдар­ман­ды бір серпілтіп тастады. Бұл сайыста ек­піні қатты балуан қыз Айшолпанның ұпайы сәл жоғары болды. 

Бесінші жұптағы Абзал Мақаш пен Нұр­бол Жауынбаев айтысында Абзал байыппен сөйлеп «Ұлытаудың об­лыс болғанына бір жыл өткенмен, әлі еш­­­­теңе өзгергермегенін» сынға алды. Нұр­болдың елдік мәселені толғаған өлеңі түй­дек-түйдек төгілгенмен, қарсыласпен ұста­сып айтысу жағы кемшіндеу түсті. Көп­­шілік бұл жұптағы сөз көкпарынан жұл­қынған жастық жігер күткені анық еді. Деген­мен бұл екі ақынның өзіндік айтары бар, талай додаларда оза шабатын келешегі зор жігіттер.

Алтыншы жұптағы Мұхтар Ниязов пен Мұрадым Мирлановтың айтысы бі­рың­ғай қазақы қалжыңға, құрдастық қа­ғыт­­паға құрылды десе де болады. «Екі мол­­даның айтысын тамашалаңыздар» деп бас­­таған Мұрадымның: «Бір молда өліп жат­са жаназасын, Екінші молда бала шы­ғар­сын деп» қосқан шығар дегеніне Мұх­тар «Жетік молда жанына келген кезде, Ке­тік молда кітабын жиыстырар» деп ха­­лықты күлкіге қарық қылды. Сан додада ысылған екі мықты жұртты жеңіл күлкіге ғана жетелемей, астарлы әзіл өрбітіп, ел­дік мәселені де өлеңмен өріп отырды. Мұх­­­­тардың «Шындық айтқан Шынбо­лат­тан сарай қалды, Сарай ақындарынан түк қал­ған жоқ» дегені көптің көңілінен шық­қан сөз болды. Әзілдің арасына орысша сөз­­дер қосқан Мұрадымға «бөтен сөзбен сөз арасын былғама» деп түйреп өтті. Жал­пы, бұл жұптың айтысы қалжыңы жа­рас­қан тамаша тартыс болды.

Жетінші жұптағы Нұрлан Есен­құлов пен Айым Асылбекқызы­нан жұртшылық қыз бен жігіт айтысын күт­кен еді. Нұрлан әзілге шақырып бас­та­ғанымен қазақы тәрбиемен өскен биязы Айым қыз ағасына батырып әзілмен жауап бере алмады. Оған бәлкім жас ал­шақ­тығы да себеп болған шығар. Дегенмен екі ақын да Сәтбаев қаласындағы экология мәселесін, тағы басқа өзекті проблема­лар­ды жақсы көтеріп жоғары ұпайға ие бол­ды.
 Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша ақтық сынға шыққан Нұрлан Есен­құлов пен Мұхтар Ниязов, Дидар Қа­миев пен Мейірбек Сұлтанхан, Мұрадым Мир­ланов мен Айшолпан Тілеутай, Аспан­бек Шұғатаев пен Айым Асыл­бекқызы екінші күні сөз сайыстырды. Бұл кезеңде ақындар Сәтбаев қаласын ғана жырламай, ұлт­тық мәселелерді айтып, өңірдегі билік өкіл­дерінің кемшін тұстарын сынға алды. Мейірбек тарихи мекенде туризмді да­мытудың пайдасын айта келіп:

Қорыңызды көбейтіп бюджеттегі
Жолыңызды тақтайдай салдырар ед. 
Ұлы Жібек жолының керуені,
Ұлытауда қайтадан жаңғырар ед, – деп бір түйіндеп, ары қарай туризммен байы­ған елдердің жарнамасын тілге тиек етті. «Әйтпесе, Батумидің Боржомиі, Бал қым­ыз­дың дәмінен артық деп пе ең?» дегеніне жи­налған жұрт зор қошемет көрсетті.
Қорыта айтқанда, Ұлытау өңірінде ха­­­лықтың ықыласына бөленген керемет до­далы айтыс өтті. 

Екі күнге созылған жыр майданында жарқырай көрінген Мейірбек Сұтан­хан бас жүлдені (екі миллион теңге) иеленді. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Дидар Қамиевқа (бір жарым миллион теңге), екінші орын Мұхтар Ниязов пен Айым Асылбекқызына (бір миллион теңгеден), үшінші орын Нұрлан Есенқұлов пен Аспанбек Шұғатаевқа (жеті жүз мың теңгеден) бұйырды. Шынболат Ділдебаев атындағы арнайы жүлдені Айшолпан Тілеутай, Кәкімбек Салықов атын­дағы арнайы жүлдені Мұрадым Мир­ланов (бес жүз мың теңгеден) иеленді. Қалған барлық ақын қатысқаны үшін алғысхатпен марапатталып, әрқайсына төрт жүз мың теңгелік сыйақы берілді.

Шаһар басшысы Шапағат Әубәкір айтысты жоғары деңгейде өткізген Аманжол Әлтайдың кеудесіне «Сәт­баев қаласына 50 жыл» төсбелгісін та­ғып, айтыстың соңын тағы бір шумақ өлең­мен түйіндеді. Айтыстың ұйым­дас­тыру жұмыстарын үйлестірген Сәтбаев қа­ласы Тіл бөлімінің бастығы Канат Тө­леш бастаған азаматтарға ризашылық біл­дірді.
Ақындар «таяқ мініп келгенге тай мін­гізген» кеншілер қаласының ақжүрек халқына алғыстарын жаудырып елдеріне тарасты.

Серікзат Дүйсенғазы, 
айтыскер ақын, 
филология ғылымдарының кандидаты