Қазақтардың ДНҚ-сын көру үшін ешқандай технология қажет емес – Паскаль Майер

Ғалым Астанада өтіп жатқан Nobel Fest ғылыми фестивалінде қазақ халқының ДНҚ-сын көру үшін ешқандай технология қажет емес екенін айтты.

Қазақтардың ДНҚ-сын көру үшін ешқандай технология қажет емес – Паскаль Майер
Фото: golos-naroda.kz

Бейресми түрде «Ғылыми Оскар» деп аталатын Breakthrough Prize («Серпіліс») сыйлығының иегері, ДНҚ талдау саласындағы маман Паскаль Майер қазақтардың таланты туралы сөз қозғады, деп хабарлады turkystan.kz.

Ғалым Астанада өтіп жатқан Nobel Fest ғылыми фестивалінде қазақ халқының ДНҚ-сын көру үшін ешқандай технология қажет емес екенін айтты. Бұған Димаш Құдайберген, Күнсұлу Зәкария сияқты дарындар мысал бола алатынын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, мен ДНҚ зерттеумен айналысамын. Айтайын дегенім, қазақстандықтардың ДНҚ-сы бірегей екенін көру үшін маған ешқандай жаңа технология қажет емес. Бұл Димаш Құдайберген, Күнсұлу Зәкария сияқты дарындардың бойынан байқалады. Францияда біз Қазақстан туралы көп ести бермейміз, бірақ QazVac вакцинасы туралы естідік. Сіздердің COVID кезінде вакцина жасай алғандарыңызға жеке өзім тәнті болғанымды айтқым келеді. Оны бағалау үшін клиникалық сынақтар жүргіздіңіздер», - деді ғалым.

Ол, сонымен қатар,  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек туралы пікір білдірді.

«Министр Саясат Нұрбектің сөзі маған қатты әсер етті. Бұл, әрине, француз министрлерінің сөйлеген сөзінен әлдеқайда жақсы», - деді ол.

Айта кетейік, фестиваль бағдарламасы жасанды интеллекттен бастап климаттың өзгеруі, экономиканың болашағы, стартаптар мен еңбек нарығы, ғылымның жаңа шекаралары мен адамзат болашағына дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтиды.