26 жастағы қазақстандық Гибралтар бұғазын гидрокостюмсіз жүзіп өтіп, рекорд орнатты
«Меніңше бұғазды жүзіп өту әркімнің қолынан келетін секілді»
26 жастағы алматылық Мәди Әділханов Гибралтар бұғазын 4 сағат 33 минутта жүзіп өтіп, рекорд орнатты, деп хабарлайды turkystan.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Мәди бала күнінен теннис, футбол және су полосы секілді спорт түрлерімен айналысады. Екі жыл бұрын ол ашық суда жүзуді жөн көріп, әйгілі Гибралтар бұғазын жүзіп өтуді мақсат еткен. Ақырында 4 қыркүйек күні өз командасымен Испанияның Тарифа қаласынан Африканың Марокко қаласына дейінгі 15,5 шақырымды жүзіп өтіп, рекорд орнатты.
Мәди осыншама шақырымды еңсеру оңайға соқпағанын айтады.
«Су температурасына алаңдадым, әсіресе +16 градусқа дейін жеткен кезде. Мен мұны қатты сездім, тіпті қиын болды. Су температурасы бізге әсер етпейтін болар деп ойласақ, қателесіппіз. Басынан аяғына дейін суық болды. Алайда Африканың жағалауына жеткен кезде, біз тіпті мұны ұмытып та кеттік», – дейді Мәди.
Мәдидің командасында екі француз бен бір костарикалық азамат болған.
«Француздар былтыр жүзіп өткісі келген, алайда ауа райы және ұйымдастыру жайына байланысты мұнысы іске аспады. Әрі біздің қатарымызда америкалық болуға тиіс еді, алайда ол соңында қатыспайтын болды. Десе де, ақыр аяғында осындай халықаралық команда болып шыға келдік», – дейді Мәди.
Мәди мұндай тәжірибеден не түйгенін ортаға салды.
«Меніңше бұғазды жүзіп өту әркімнің қолынан келетін секілді. Тек көп жаттығу керек. Бұл жетістіктен соң егер ынтаң мен табандылық болса, бәрі де мүмкін екеніне көзім жетті», – дейді Мәди.