«Азық-түлік қымбаттайды»: Экономист ең төменгі жалақының өсуіне қатысты пікір білдірді

Ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеге дейін көтеріледі.

«Азық-түлік қымбаттайды»: Экономист ең төменгі жалақының өсуіне қатысты пікір білдірді
qazweek.kz
1503

1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа дәстүрлі Жолдауын жолдады. Мемлекет басшысы онда баршаны толғандырған бірқатар мәселені, соның ішінде жалақы мәселесін айрықша атап өтті. Президент елдегі ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеге дейін көтерілетінін мәлімдеді. Өзгеріс 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Экономист Расул Рысмамбетовтің айтуынша, жалақының көтерілуі азық-түлік бағасының өсуіне алып келеді.

«85 мың теңге өте аз. Негізі, бұл есеп жүргізуге ыңғайлы болу үшін керек. Себебі кей адамдар минималды жалақыдан төмен алады, енді бірінің айлығы төменгі жалақы көлемінен жоғары. Елімізде 2023 жылдың жазында медиандық жалақы мөлшері 240 мың болды. Ал орташа жалақы мөлшері 350-360 мың теңгені құрады. Қоғамда ең төменгі жалақы мөлшерінен де төмен алатын адамдар бар. Ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі табысы төмен азаматтарға тиімді. Десе де жалақының өсуі инфляцияны жеделдетіп жібереді. Яғни, ақша массасы ұлғайса, азық-түлік бағасы өседі. Қазір мемлекет қиын жағдайда тұр. Себебі бір жағынан, жалақыны көбейту керек, екінші жағынан, инфляцияны тежеу маңызды. Ақпан айында жағдай қиындай түседі деп күтілуде. Сондай-ақ бұл айда маусымдық факторлар азық-түлік бағасына әсер етеді. 85 мың теңгенің әсерінен ақпан айында инфляция болуы мүмкін», – деді экономист.

 

Серіктес жаңалықтары