Газ бағасының тиімді болмауына не кедергі – сарапшы жауап берді
Дүниежүзінде тұтынушыға берілетін газдың ең арзан бағасы – Қазақстанда.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елді газбен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс екені айтылды. Осыған қандай кедергілер бар және Үкімет тарапынан не істелуі керек? Осы сұрақтар төңірегінде Energy Analytics телеграм арнасының сарапшысы Абзал Нарымбетов өз ойын бөлісті.
«1991 жылы тәуелсіздікті алғаннан кейін нарықтық эконмикаға өттік. Алайда еліміздегі белгілі мұнай-газ алпауыттары немесе газ кеніштерінен бағаны қолжетімді етіп сұрау кәсіпорындарға тиімсіз болуы мүмкін. Мәселен, олар өз қалтасынан қаражат шығарып қазады, өңдейді, құбыр салып, халыққа жеткізеді. Бұл әжептәуір ақша мен уақытты талап етеді. Шығындарын сатылған газдан қайтарып алады. Ал егер бағаны төмендетсе, бағасын қайтара алмайды. Демек ол өз-өзіне тиімсіз етіп, зиян келтіреді. Бұл бизнес саласы болғандықтан, кәсіпорындардың бәрі пайда табу үшін жұмыс істейді. Мектеп, медицина секілді қоғамдық бағытта істесе, түсінуге болар еді», – дейді Абзал Нарымбетов.
Оның айтуынша, алпауыт кәсіпорындардан қолжетімді баға сұрау – нарықтық эканомикаға қарама-қайшы.
«Біз Кеңес үкіметі кезіндегідей, мемлекет өзі жоспарлайтын, әрбір кәсіпорынға қалағанымызды бересін деп айтсақ біз нарықтық экономикаға өтпеген боламыз. Ал әлемдік нарыққа кіретін болсақ, дүниежүзімен бәсекелесу керек. Мәселен, әлем бойынша, сатылып жатқан газ, жанармайдың бағасы қанша болса, соған сәйкестендіру керек.
Қазір көп проблема қайдан туындап жатыр?! Бізде электр өндіретін цехтар неге бұзылып қала береді? Олар қаншама жылдан бері жаңартылмаған. Оған себеп – бағаның төмен болуы. Кәсіпорындар жеткілікті ақша таппаған соң, ескіре береді. Ал қосымша тапқанын қалтасына салады.
Біз нарықтық экономикада төмен бағаны талап етуге болмайтынын түсінуіміз керек. Егер Үкімет шығарушы кәсіпорындардан баға сұрай берсе, олар сылтау айтып, аз өндіруі мүмкін. Себебі бұл – оларға мүлде тиімсіз», – дейді А. Нарымбетов.
Сарапшының пікірінше, дүниежүзінде тұтынушыға берілетін газдың ең арзан бағасы – Қазақстанда.
«Қазір газдың бір литрі – 50 теңге. Тоннасымен есептеп көрсек те, өте төмен баға шығады. Салыстырмалы түрде көрші мемлекеттерде 100-200 доллар болса, онда Қазақстандағы 50 теңге деген ақша емес деп ойлаймын. Нарықтық экономикаға көшпесек, тығырықтан шыға алмаймыз. Керісінше, электр қуатымен мәселе туындап, үнемі жанармай, газ тапшы болады. Кеңес дәуірінде де ең соңғы тығырыққа осылай келді. Бәріне арзан-арзан деп келіп, айналып келгенде тиімсіз болды. Кейін «қара» нарыққа өте бастады. Онда бағалар жоғары, бірақ ресми емес. Ең дұрыс шешім – шығарушы мен тұтынушы арасында ресми әрі ұтымды келісімге келу. Егер тек шығарушыдан төмендетуін талап етсе, оның сылтауы көбейіп кетеді.
Мен шетелдің бағасымен бірдей болсын демеймін. Екі жаққа да тиімді бағаны табуға мүмкіндік бар. Қазақстанның ішкі нарығы сырттағымен салыстырғанда бәрібір арзан болады. Себебі экспортқа шығару үшін де қосымша қаражат қосылады», – дейді ол.
Абзал Нарымбетов газ бағасы арзандаған жағдайда, тапшылық пайда болатынын және оның бірнеше салдары болатынын атап өтті.
«Біз тек Қытайға ғана экспорттаймыз. Осы күнге дейін 10-100 млрд м3 аралығында газ тасымалдағанбыз. Қазір азайды. Тіпті экспортты тоқтатамыз деген әңгімелерде де болды. Себебі газ өзімізге жетпей жатыр. Негізі Қытай елімен келісімшарт бар. Құжатқа сәйкес, біз жыл сайын кемінде 10 млрд текше метр газ жеткізуге міндеттіміз. Ол үшін қытайлықтар тіпті газ құбырын салып берді. Бірақ біздің экспорт төмендеп жатыр. 2021 жылы біз шамамен 7 млрд текше метр жібердік. Былтыр одан да аз болды. Осылай жалғасытра берсек Қытай шағымданып, шарт қоя бастауы мүмкін.
Бұл жерде де мәселе туындап отыр. Газды жеткілікті шығарылмауы – іштегі тұтынушыларды ғана емес, келісім жасасқан сыртқы тұтынушыларды да қамтамасыз ете алмауымызға кесірін тигізіп отыр. Ал газдың көп шығарылуы үшін бағасын көтеру қажет. Сол кезде шығарушы кәсіпорындар да ынталанады», – дейді ол.
Ол газ бағасы 2028 жылға дейін әр өңірде 3-15 пайыз аралығында көтерілетінін айтты.
«Энергетика министрлігінің бекіткен құжатына сәйкес, 2024 жылдан 2028 жылға дейін әр өңір үшін 3-15% шегінде бағаның жыл сайынғы өсуі қолданылатын болады. 2028 жылға қарай оңтүстік өңірлердегі газ бағасы текше метр үшін 41-45 теңгеге жетеді. Айта кету керек, дегенмен 2028 жылға дейін қол жеткізуге тиіс газ бағасы әлемдегі ең төмен баға болып қала бермек», – деді А. Нарымбетов.