Алматыда 1 жасар баланың башпайы саусағына ауыстырылды

Алты қазақстандық баланың аяқ-қолдарына жасалған оталар сәтті аяқталды.

Алматыда 1 жасар баланың башпайы саусағына ауыстырылды
aquaminskclinic.by
1317

Алматыда №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы базасында аяқтары мен қолдарында сирек патологиясы бар балаларға ота жасалды, деп хабарлады turkystan.kz.

№2 БҚКА травматолог-микрохирургтары және әлемге әйгілі микрохирург, Мәскеу қаласының РХДУ травматология және ортопедия кафедрасының профессоры Игорь Голубевпен бірге 6 пациентке ота жасалды.

«Мейірімділік» ерікті қоғамдық қоры мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен  үш күндік мастер-класс аясында күрделі микрохирургиялық оталар жасалды.

«КТК» арнасының мәліметінше, туа біткен және жүре пайда болған ақаулары бар алты қазақстандық баланың аяқ-қолдарына жасалған оталар сәтті аяқталды. 
 

«Менің немеремнің туылған кезде оң қолының білегі болмады. Ал сол қолының бас бармағы толық дамымаған. Қызым «Мейірімділік» қоғамдық қорына жүгінді. Тексеруден кейін дәрігерлер аяқтың бармағын сол қолға ауыстырып салуға болатынын айтты. Бұл оған сол жақ қолымен кружканы ұстауға, сол қолды толығымен пайдалануға мүмкіндік береді. Болашақта мектепке барғанда сол қолымен қалам ұстап, жаза алу үшін қажет», - деді баланың әжесі Мира Қалибекова.

«Мүбарак оң қолдың аплазиясымен және сол қолдың бірінші және екінші саусақтарының фалангалары жоқ болып дүниеге келді. Бала жүреді, ойнайды, ата-анасы оған оң білегіне косметикалық протезге тапсырыс берді. Даму жағынан бала өз қатарынан қалмайды, оның барлық анализдері қалыпты. Саусақты қолға трансплантациялау бойынша ота сегіз сағатқа созылды. Мүбаракқа қалпына келу қажет. Мұндағы барлық оталар әртүрлі сипатта болды. Оның ішінде туа біткен ақаулар да, жарақат алғаннан пайда болған ерекшеліктер де бар», - деді №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.

«Алматы қаласынның №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының 20-дан астам қызметкері мастер-классқа қатысты. Аяқ-қолдарында туа біткен және жүре пайда болған ақаулары бар барлық балалардың ішінен біздің дәрігерлер консилиумы көмек көрсетілген алты пациентті таңдады. Мұндай мастер-классты дәрігерлердің кәсібилігінсіз, сондай - ақ біздің бас серіктесіміз-«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауынсыз өткізу мүмкін болмас еді», - деді «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының директоры Аружан Саин.
 

Серіктес жаңалықтары