Елордада шетел қазақтарының «Отандастар Форумы» атты кезекті басқосуы өтеді

«Отандастар қоры» ұйымдастыратын форумға шетелден 200-ден астам қатысушы қатысады.

Елордада шетел қазақтарының «Отандастар Форумы» атты кезекті басқосуы өтеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда» деген сөзі еліміздің шетелдегі отандастармен байланыстарының тиімділігін одан әрі арттыру қажеттігін білдіреді.

Мемлекет басшысының месседжі аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстанда шетел қазақтарының «Отандастар Форумы» атты кезекті басқосуын ұйымдастырады.

Форум – шетелдегі этникалық қазақтармен өзара байланысты жетілдіру  және оларды еліміздің тұрақты дамуына үлесін қосу жолдарын қарастыратын жаңа форматтағы басқосу алаңы.

Форумға шетелдегі 200-ден астам қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар, отандық  ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлерінің қатысады деп күтілуде.

Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау, еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру, шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Форум аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясы өтеді.