«Салтанаттың» сәні асқақ, «жаны» жүдеу...

Қазақстан Республикасы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің бүгінгі жай-күйі көңілге кірбің түсіреді

«Салтанаттың»  сәні асқақ, «жаны» жүдеу...
коллаж

Әуелі: 
Қазақтың би өнері туралы бірер сөз

Өнерсіз халық жоқ. Ән, күй, би деген өнер­дің түрлері барлық халықтарда бар десек те, олар әр елде әртүрлі деңгейде да­­­­митыны да шындық. Әуелетіп ән салып − ас­пандағы аққуға даусын қосқан, таңды таң­ға ұрып жыр жырлаған, жалған дүниеден кө­ріп-сез­генін домбыра мен қобызға қосып кү­ңіренте күй төк­кен қазақ − биге келгенде өз­гелерден кем түспесе асып кетпегені шын­дық. Бұл, әрине, қазақ биден мақұрым халық де­генді білдірмес, бірақ біздің билеріміз жүрек­ті шымши сыңсыған музыкаға қо­сы­лып күллі денесі шапши қозғалып, дене сұлу­­­­лығын паш ететін араб, пар­сы үн­ді­лер­дің, динамикаға толы африка халық­та­ры­ның, латын америкасы елдерінің ежелден қа­лыптасқан билерімен бәсекелесуі қиын. Со­лай болса да би өнері дене қимылы арқы­лы көркем образды бей­нелейтін өнер бол­ған­дықтан біздің халықта да ежелден бар өнер­дің бірі. 
Осы орайда өзіміз білетін жерден айтсақ, өз­бектің «ләз­гісіндей» немесе лезгиндердің «лез­гинкасындай», украиндардың «гопа­гын­дай», т.б. бүкіл ұлт болып би­лейтін халықтық би бізде қалыптаспаған. Неге? Өнер­ді ерекше құ­былыс деп түсінетін бекзат болмысты қа­зақ ән-жырға, күйге баса мән бергенімен, би­ді негізінен нәзік жандыларға жарасатын нәр­се деп қабылдаған сияқты. Сондай-ақ, ер­теде бақсылардың жын шақыр­ған­да ала­сұрып билейтіні де халыққа өзгеше әсер етіп, оның тек ерекше қабілетті адамдарға тиесілі нәрсе ре­тін­де тануына итермелегендей. Со­лай болса да қазақ­тарда бидің біраз түрі бол­ды, мәселен, бүркіттің аңды ілгенін, ат­тың шабысын, батырлардың қылыштас­қа­нын  бей­нелейтін, т.б. тақырыптық билер ел ара­сында белгілі еді. Көпке мәлім, қазақтың ха­лық әнінің әуенімен қыз­дар билейтін − «Қа­мажай», ұл да, қыз да билей беретін − ха­лық күйі ырғағымен орындалатын «Қа­ра­жор­ға» билері де ежелден ел арасында бұл өнер­ді қалыптастыруға тер төккендердің бол­ғанын дәлелдейді.

Келесі сөз: 
Қазақ би өнерінің дамуы және «Сал­танат» ән-би ансамблінің құрылуы

Қазақ би өнері өткен ғасырдың алғашқы ши­регінен бастап қайта жанданып, өнердің бұл түрінің дамуына жол ашылғаны белгілі. Сол тұста бұл өнерді шебер игеріп, талан­ты­мен дүйім жұртты таңғалдырған Шара  Жиен­құлова (1912-1991) еді. Би өнерін зерт­теп, көптеген қазақ биін сахнаға алып шық­қан ол кейін бишілер ансамблін де басқарды. Сон­дай-ақ қазақ биін дамытуға зор еңбек сіңір­ген Нұрсұлу Тапалованың да (1923-1954) ұлт­тық биіміздің танылуына үлкен әсері бол­ды. Дегенмен еліміздегі ұлттық би өнері­нің тарихында 1955 жылы «Салтанат» ән-би ансамблінің құрылуы тарихи оқиға болды. Қа­зақ КСР халық әртісі, Украина КСР-на ең­бегі сіңген әртіс Чернышева Лидия Де­мья­нов­­­­наның басшылығымен құрылған Қазақ КСР ән-би ансамблі ұжымы Алматы және Киев консерваторияларының, Ленинград жә­не Алматы музыкалық училищелерінің жас түлектерінен құралды. Өнерпаз әрі тә­жі­ри­белі басшының жемісті еңбегінің ар­қа­сында ансамбль құрылғанына көп өтпей-ақ өз бағдарламаларымен әртүрлі фестивальдар мен конкурстарға қатысып, лайықты өнер көр­сете бастады. Мәскеу қаласында өткен сту­денттер мен жастардың Дүниежүзілік фес­тивалінің жеңімпазы және Дүниежүзілік фес­тивалінің лауреаты болған «Салтанат» ән-би ансамблі  бүкіл Кеңес Одағына кон­церт беріп, әлемнің көптеген елінде гаст­роль­­дік сапарға шықты. Өз өнерімен талай жұрт­ты тәнті еткен ансамбльге 1967 жылы жо­ғары орындаушылық шеберлігі және му­зыкалық, вокалдық және хореографиялық өнер­ді дамытуда сіңірген үлкен еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төра­ға­сы­ның Жарлығымен «Еңбек сіңірген» құр­метті атағы берілді.
«Салтанат» ән-би ансамблін 1970-1986 жыл­дарда ҚР халық әртісі, Қазақстанның ең­­бек сіңірген өнер қайраткері, қазақ балет әр­тісі және педагог, профессор Зәуірбек Рай­баев басқарды. Ол   Қазақ КСР Мемлекеттік ән және би ансамблінің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері және директоры қызметін ат­қара отырып, түрлі халықтардың би­ле­рі­нен бағдарлама жасап, көптеген жетістікке жет­ті.
1989 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сі­­нің Қаулысымен ҚазКСР ән және би ан­сам­б­­­­лі ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ан­самб­лі бо­лып қайта құрылды. Содан бері ансамбль елі­міздің үлкен қалаларында жеке кон­церт­тер қойып, мемлекеттік дәрежедегі ша­ра­лар­да өнер көрсетіп келеді. Қытай, Түркия, Ре­сей, Бельгия, АҚШ, т.б. елдерде гастрольдік са­пармен болып, үлкен жетістіктерге жетті. Ан­самбльдің еліміздегі би өнерін дамытуға қос­қан үлесі бағаланып, өнер ұжымының он ал­ты әртісі Мәдениет қайраткері құрметті ата­ғына қол жеткізсе, үш қызметкері үкі­мет­тік марапат – Ерен еңбегі үшін медалімен, он бес қызметкері Мәдениет саласының үз­дігі төсбелгісімен марапатталды.

Негізгі мәселе:
Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі­нің бүгінгі жағдайы қалай?

Жоғарыда «Салтанат» Мемлекеттік би ан­самблінің құрылуы және жет­кен жетістіктері туралы аз ғана айтып өттік. Бір­ақ негізгі мақсатымыз ансамбльдің қол жет­кізген табыстары туралы баяндау емес, оның қазіргі жағдайы, проблемалары туралы жазу болатын.
Расын айту керек, соңғы жылдарда ан­сам­бль жұрт назарынан тыс қалып бара жат­қандай көрінеді. Оның, әрине, түрлі се­беп­тері бар. Сырт көзге сахнада жарқырап өнер көрсетіп, жұртқа рухани ләззат сыйлап жүр­ген әртістердің жұмыс орны, дайын­да­ла­тын жері, оның жағдайы тасада қалып ке­тетіні шындық. Біз аты елге белгілі ансам­бль­дің жұмысымен танысып,  жай-күйін өз кө­зімізбен көру үшін жақында «Салтанат» Мем­лекеттік би ансамблі орналасқан Ал­ма­тыдағы Бөгенбай батыр көшесіндегі ғи­ма­рат­қа барған едік. Ансамбль пішіні П әрпі сияқ­ты Республикалық Мемлекеттік ака­де­мия­лық корей театрының оң жақ қана­тын­дағы бөлігінде орналасқан екен. 
Таныстықты «Салтанат» Мемлекеттік би ан­­самблінің қазіргі басшылығымен кезде­су­ден бастадық. Қазіргі директоры − Елубай Кен­жалиев екен. Бұл жерге ол 2022 жылы ке­ліпті. Е.Кенжалиев Ақтөбе музыкалық учи­лищесін, Құрманғазы атындағы Алматы мем­лекеттік консерваториясын және Қыр­ғыз Республикасы ұлттық консерваториясын дирижер мамандығы бойынша бітірген, 2014-2022 жылдар аралығында Ғ.Жұбанова атын­­дағы Ақтөбе облыстық филармо­ния­сы­ның директоры қызметін атқарған білікті ма­ман.
− Бұл жерге басшы болып келгеніме бір жыл­дай ғана уақыт болды, − деп бастады әң­гімесін Е.Кенжалиев. − Сегіз жылдай Ақ­тө­бе облыстық филармониясын басқардым. Об­лыс әкімі болған кезінде марқұм Бердібек Са­парбаев сол жердің мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңірді. 
Ақтөбе облыстық филармониясы бар бол­ғаны 300 орындық шағын ғимаратта еді, оған не оркестр, не хор сыймайтын. Мұндай жағ­дайда әртістерде қандай жағдай болсын? Сосын мен бұл жайында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қанат Айтбаевқа: «Мәдениет орны болған соң мұнда адамдар қы­зығып келуі керек, ал мына жерде жұмыс іс­тейтін адамдарға да, келетін адамдарға да жағ­дай жоқ. Қазір тіпті той өтетін рес­то­ран­дар­дың өзі мұнан үлкен. Осыған кө­мек­тесіңіз­ші» деп өтіндім. Ол кісі өтінішімді об­лыс басшысына жеткізген болуы керек, кейін Ақтөбе қаласында 1 200 орындық үл­кен, сәулетті «Өнер ордасы» атты орталық ашылды. Жағдай түзелген соң онда көрер­мендер көбірек келе бастады. 
Жаңа басшыдан   «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблінің жағдайы туралы сұрадым.
− Бұл ансамбльдің құрылғанына екі жыл­дан соң жетпіс жыл толады. Би өнерін жо­ғары дәрежеде насихаттап келе жатқан, шет­елдерде өнер көрсететін, мемлекет қар­жыландыратын үлкен ұжым. Бұл жерде та­лай белгілі адамдар еңбек еткен, басқарған. Қа­зір бізде елуге жуық биші бар. Алайда кө­ріп тұрсыз, отырған жеріміз корей теат­ры­ның бір бұрышы. Ұжым еңбек ететін ғи­маратқа көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүр­гізілмеген. Бұл ең басты мәселенің бірі... 
Расында,  әртістер дайындалатын бір үл­кен, бірі шағын залды барып көр­ге­ні­мізде оның іші көп жылдардан бері жөн­деу көрмегені көзге анық білінеді. Мә­селен, ғимараттың бірінші қабатындағы кіші зал­ға ары кетсе оншақты адам ғана дайын­далуы мүмкін. Тап-тар. Бір шетінде киімдер тұр. Бұл жерде еркін би қимылдарын жасау­дың өзі қиын шығар деп ойладым. Одан соң жоғары қабаттағы үлкен залдың да іші көзге тым қораш. Ішінде жиырмадан аса биші қыз­дар тобы жаттығып жатыр. Еденіне тө­селген линолеумнің әбден тозығы жеткен. Қат­ты. Ал мұндай жердің еденіне жабылған ли­нолеум жұмсақ болуға  тиіс. Киім ауыс­тыратын жерлері тар. Ішінде бір мезгілде әр­тістердің бәріне киім ауыстыруға мүм­кін­дік жоқ, біреулері киініп жатқанда, біразы сыртта кезек күтіп тұруға мәжбүр.
Қабырғадағы бишілер өзін көріп би қи­мылдарын жасайтын айналары да ескі. Ал бір қабырғадағы көлденең тұрған, адам қол­мен ұстап тұрып жаттығатын темір тру­ба­лар да ескірген, трубалардың кейбірінің ара­сы ағашпен жалғанған... Сонда да осын­дай жағдайда жұмыс істеп жүрген бишілерді аяп кетеді екенсің.
Би қиылдарын жасап жаттыққан соң адамның терлейтіні  анық, себебі бұл өнер­де физикалық дене қимылдары көп жа­­салады. Ал енді... ансамбль бишілері жұ­мыс­­тан соң жуынатын бөлме де жоқ ғима­рат­та.
− Мәдениет әрқашанда қолдауға зәру са­ла. Халқымыздың ғасырлар бойы жасалып қа­лыптасқан өнерін сақтауымыз керек. Сон­дықтан мемлекет бұл саланы әрдайым өз на­зарында ұстамаса болмайды. Сосын өнер­дің әр саласының әртүрлі жағдайы бар. Мә­селен, зейнет жасына жеткенше әнші әнін ай­тып, музыкант аспапта ойнап жүре беруі мүм­кін, ал бишіліктің уақыты шектеулі, қиын мамандық. Ары кеткенде биші 35 жас­қа дейін ғана бұл жұмыста жүруі мүмкін. Одан кейін басқа жұмыс істеуге мәжбүр бо­лады. Мұның сыртында би өнерімен ай­на­лысқан адамның жарақат алып қалу қаупі бар, отбасын құру, күнкөріс деген бар. Демек, белгілі бір уақыттан кейін бишілер өзге ма­ман­дықты игеруге мәжбүр, − дейді ұжым бас­шысы би өнерінің ерекшелігін  бізге тү­сін­діріп.
Расында, ұзақ уақыт сахнада жүрген би­шілердің тізесі, белі ауыратыны, омыртқасы ор­нынан қозғалып кететін жағдайлары жиі кез­десіп тұрады. Сондықтан өнердің бұл түрі­мен айналысушылар зейнетке шыққанда 60 пайыздық зейнетақы көлемінде мем­ле­кет­тен қаражат алып тұрады.
«Салтанат» би ансамблінде 130-дай адам жұ­мыс істейді. Оған бишілерден басқа ұжым­ның басшылығы, тігін цехындағы тігін­шілер, костюмерлер, т.б. қызметкерлер кіреді.
Би ансамбліне гастрольдерге шығу да оңай емес, адамдарды былай қойғанда би киім­дерінің өзі едәуір жүк. Мәселен, бір кон­церттік бағдарламада 15 би нөмірі орын­да­ла­тын болса, 50 бишінің киетін 15 түрлі киі­мінің  (үстіне киетін киімдер, бас киім, аяқ киім) саны 750 комплект болады.
Тігін цехын аралап көрдік. Онда т­і­гін­ші­лер жұмыс істеп жатыр. 6 тігін машинасының екеуі ғана кейінгі кезде алынған, қалғандары ескі. Би костюмдерінің дені бұрыннан келе жат­қан көрінеді, тек соңғы кезде мемлекет аудар­ған қаражатпен екі түрлі киім тігіліпті. Сонымен бірге бишілер шақырған жерлерге (той, концерт деген сияқты) барып, өнер көр­сетуден түскен азды-көпті қаражатқа да ма­талар алынып, екі-үш би киімдерін тікті­ріп жатқан көрінеді. 
Ал мебель атаулының түгелге жуығы кеңес­тік кезеңнен бері келе жатқан ескі жиһаз­дар. Жаңаланбаған. 
Ансамбльдің киімдері сақталатын қой­маларды аралап көрдік. Олар тар бөлмелерде бі­рінің үстіне бірі үйіліп жатыр, желдету жүйе­­сі жоқ. Бір жағында кір жуғыш машина­мен киімдерді жуып жатыр, ал оны кеп­тіре­тін жер болмағандықтан далаға жайып кеп­тіреді екен. Директордың айтуынша, ан­самбль құрылған кезде тіктірілген, бүгінде әб­ден тозығы жеткен кейбір киімдер де әлі есеп­тен шығарылмаған. 
Осының бәрін біреуден естісем сенбес едім, сондықтан бұл ұжымның жағдайын көз­бен көрген соң сенбеске амал қалмады.
«Салтанат» би ансамблі – мемлекеттік үл­кен өнер ұжымы. Олар гастрольдерге шы­ға­ды, Алматы, Астана секілді ірі шаһарларда жыл сайын есеп беру концерттерін беріп тұра­ды, сондай-ақ облыстарға да шығып тұра­тыны белгілі. Ал енді сондай жерлерге баруға ансамбльдің өзіне тиесілі автобусы да жоқ. Сонда олар бір жерден екінші жерге бар­ғанда қандай қиындық көретінін елес­тете беріңіз!
− Ансамбльдің реперуарында қазақ би­лері және көптеген әлем халқының билері бар. Дегенмен оларды жаңалап тұру керек, уа­қыт өте келе ескіріп қалатындары болады. Жаңа репертуар жасау да оңай емес, биге ке­летін музыкалар арнайы жазылуы қажет. Оны композитор мен балетмейстер ойласып оты­рып жасауы керек. Би көбіне дайын му­зыкаға қойылады, ал ол арнайы би қимы­лы­на орай жазылмағандықтан биді қоюшы ма­мандар ойындағысын түгел жүзеге асыра ал­майды. Бізде ақсаңқырап тұрған мәселенің бі­рі осы. Ондай музыканы арнайы  тапсы­рыс­пен жаздыру керегі белгілі. Оған арнайы киім тіктіру тағы бар. Мәселен, мына өзбек, тү­рік, т.б. елдерде ол жағы жақсы жетілген, − дейді Е.Кенжалиев біз біле бермейтін тағы бір қиын­дықтың шетін шығарып. Расында, бізде биге арнайы музыка жазатын мамандар бар ма екен өзі? Би деген эстетика, би деген сұлу­лық! Ал бидің қимылына сай музыка мен бишілердің киімі барлық жағынан үйлесіп тұр­маса ол халықты қызықтырып, өнерді кө­ріп отырған елдің көңіл күйі көтеріле ме?! 
Тыңдап қарасақ, қазақ би өнерін да­мы­туда «Салтанат» би ансамблінің ди­­рек­торы Елубай Мұхамбетұлының өз ой­лары бар. Ол былай дейді:
− Қазір билеріміздің өзі алашұбар болып кет­ті. Бізге ең алдымен қазақ билерін на­си­хаттау керек. Бізде неше түрлі бишілер ұжы­мы бар, әрқайсысы биді өз бетінше қойып жа­тыр, онда ұлттық танымға негізделген қи­­­мылдар бар ма, жоқ па, басқа халықтар би­лерінің элементтері басым болып кетіп жа­тыр ма, оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Тойдағы халық та  өз бетінше билеп жүр. Соның бәрі біздің би өнерімізде қалып­тас­қан ортақ ұстанымның болмай тұрғанын көрсетпей ме?
Би де ұлттық болмысты көрсететін өнер. Біз түрлі тақырыптарға арнайы билерді қоюы­мыз керек. Бізде түрлі тақырыптарда әндер, күйлер бар ғой, би өнерінде де сондай туын­дылар болуы керек. Мен Қытайға бар­ғанымда олар өздерінің ұлттық батырына ар­нап екі жарым сағатқа созылатын би-спек­таклін қойды. Тамаша туынды екен. 
Бізде де ондай нәрселер жоқ емес, тек оны дамыту қажет. Мәселен, Раздық Ах­мет­жан­ұлының «Аңшының зары» деген күйі бар. Оның сюжеті мынадай: ағайынды екі жі­гіт аңға шыққанда тауда жаңбыр жауып, бір-бірінен көз жазып қалады. Сөйтіп,  бірі екін­шісін іздеп жүргенде қасқырды көреді. Аға­сы қасқырды атып болып қараса, ол қас­қырдың өзі емес, терісі екен. Сол теріні жа­мылып жатқан інісі болып шығады. Сөйтіп, бай­қаусызда ағасы інісін жазым қылып ала­ды. Міне осыны бимен көрсетуге болады. 
Түрлі тақырыптағы билерді спектакль етіп қоюға болады. Өрт сөндірушілердің қар­балас тірлігін, дәрігерлердің науқасты ажал­дан арашалап қалғанын, т.с.с. нәрселерді би­мен көрсетуге болады. Тек ол біраз қара­жатты талап етеді.
Дұрыс дейсің. «Болам деген баланың бе­тін қақпа, белін бу» демекші, үлкен ұжымға же­текшілік етіп отырған басшының талабын қол­дау – қазақ мәдениетіне деген жанашыр­лық болар еді-ау, тек осыған жоғарыдағы тиіс­ті адам­дар назар аударса. Ұлттық өнерге дем беру – ұлт үшін қызмет етем деген бар­шаның ор­тақ парызы емес пе?
Айтпақшы, директордың тағы бір іске асыр­сам деген жоспары бар екен, ол бола­шақ­­та жасы келіп зейнетке кететін биші­лерді маман даярлауға пайдаланғысы келеді. «Өнердегі жолын аяқтаған мамандар жас­тар­ды биге баулып, сабақ беріп, өз тәжірибе­ле­рін болашақта биші боламын дегендерге үй­ре­туге ақылы негізде үйірмелер ашсақ жақ­сы болар еді», – дейді. Несі бар, тәп-тәуір бас­тама. 
«Барға қанағат» деп шүкір-тәубесінен жаңылмаған елдің баласымыз ғой, бүгін бол­маса ертең жағдайымыз түзелер деп жүре бере­міз. «Салтанат» би ансамблін басқарып отыр­ған Елубай Кенжалиевтің де жоғары жақ­тың қолдауынан үміті зор. Бірақ...
Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі­нің қарамағындағы «Салтанат» мем­­­­лекеттік би ансамблінің жағдайын көріп көңі­ліміз құлазыды. 50 шақты биші әртісі бар және 70-тен аса адам еңбек ететін, құ­рыл­ғанына жетпіс жылдай уақыт болған үл­кен өнер ұжымының мынадай қалыпта жұ­мыс істеп жатқаны ұлт өнеріне жана­шыр­лық­пен қарайтын әр азаматтың намысын кел­тіретін-ақ жағдай.
«Салтанат» ансамблінің дәл қасында тұ­тас ғимараттың үштен екісін иеленіп тұрған ко­рей театрының «академиялық» мәртебесі бар, ал біз сөз қылып отырған қазақтың бел­гілі өнер ұжымында ондай мәртебе жоқ. Неге? Себебі ондай дәрежеге ие болу үшін өнер ұжымының 25 пайызы мемлекеттік ма­рапат иесі болуы қажет! Бұл жағдай «Сал­та­нат» би ансамблінің өнері әлі күнге лайық­ты бағасын ала алмай келе жатқанын көр­сет­пей ме?
...Біз сыртқа шыққанда аулада бір топ жі­гіт тұрды. Олар «Салтанат» би ансамблінің әр­тістері екен. Жоғарыдағы үлкен залда қыз­дар дайындалып жатқандықтан бұларға орын жоқ, кезегін күтеді...
Айтып-айтпай не керек, біз көтеріп отыр­ған мәселе жоғарыдағы тиісті орын­дар­дың құлағына жетсе игі. Жағдайы  болма­ға­ны­на қарамастан Қазақтың бір өнерін, туын биік ұстап, өнерге деген энтузиазммен алған бе­тінен қайтпай тер төгіп жүрген ұжымның мұң-мұқтажына билік басындағылар құлақ са­лар деп сенеміз. Өзге елдерге қарап бой тү­зейік те! 

Ахмет ӨМІРЗАҚ