«AMANAT» партиясының өңірлік кеңестері 245 интернат пен лагерьдің жөндеу жоспарын бақылауға алады

«AMANAT» партиясы балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан еліміздегі барлық мектепті тексереді

«AMANAT» партиясының өңірлік кеңестері 245 интернат пен лагерьдің жөндеу жоспарын бақылауға алады
922

«AMANAT» партиясының Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесінің кезекті отырысында балаларға арналған мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бүлдіршіндердің жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері және өзге де өзекті проблемалар талқыланды.

Кеңес төрағасы, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, білім басқармалары жанындағы комиссиялар жыл сайын мектептердің оқу жылына дайындығын және оқу жағдайының қауіпсіздігін тексереді. Алайда, соңғы кезде орын алып жатқан оқиғаларға қарап, бұл жұмыстың тиімділігіне қатысты күмән пайда болады.

«Күні кеше Астанада бір оқушы баспалдақтан құлап кетті. Бұған таяныш пен баспалдақ арасында тік қоршаудың болмағаны себеп болды. 7 тамызда Астанадағы мектептердің бірінде 10 жасар баланың үстіне футбол алаңындағы қақпа құлап, қайтыс болды. 13 қыркүйекте Алматы облысындағы балабақша аумағында бала ашық жатқан септикке құлап, ауруханада көз жұмды. Осыған байланысты, өңірлік кеңестер балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мектепке тексеру жүргізуі қажет», - деді ол.

Бұл ретте, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектептерде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Мониторинг барысында министрлік бірқатар мәселені анықтады. Яғни, қауіпсіздік жүйесінің техникалық жағдайы белгіленген талапқа сәйкес келмейді. Мысалы, ел аумағындағы мектептерде шамамен 180 мың бейнекамера бар. Өкінішке қарай, оның 80 мыңы ескірген әрі заман талабына сай келмейді. Осыған байланысты, министрлік жергілікті атқарушы органдарға камераларды жаңарту бойынша жұмыс жүргізуді ұсынды», – деді ол.

Жиын барысында партиялықтар балаларға арналған мекемелердегі жатын орындарында лайықты жағдай жасалуына және санитарлық талаптардың бұзылуына қатысты мәселені де назардан тыс қалдырмады.

«Бүгінде балаларға арналған жеке меншік мекемелердің, балалар лагерінің, балабақшалардың, оңалту және даму орталықтарының жұмысына қатысты арыз-шағым көп. Жуырда Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында ұсынылған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасы балаларға қызмет көрсететін ұйымдарда тексеру жүргізуге қатысты мораторийді алып тастауды және лицензиялауды енгізуді көздейді. Бұл қадам балаларға арналған мекемелерге бірыңғай стандарт пен талап белгілеуге мүмкіндік береді», – деді Динара Зәкиева.

Осылайша, балаларға арналған лагерлер мен интернат мекемелерінің жағдайын жақсарту үшін Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің аппараты өңірлермен бірге тиісті жоспар әзірледі. Атап айтқанда, 163 интернатта, 82 лагерьде және 17 медициналық-әлеуметтік мекемеде жөндеу жұмысын жүргізу қажет. Осы мақсатта өңірдегі әкімдіктермен 3 жылға арналған жоспарға қол қойылып, онда мекеме атауы, жөндеу жүргізу және бюджеттен қаржы бөлу мерзімі көрсетілді.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская балалар лагерлерінің кімнің меншігіне тиесілі екеніне қатысты мәселені көтерді.

«Депутаттардың өңірлерге жасаған сапары барысында білім басқармалары мен бөлімдері жұмыс істеп тұрған лагерлерді сатуға шығарғанын анықтадық. Яғни, аталған мекемелер жеке меншікке өтіп жатыр. Сатылған соң бұл нысандардың бұрынғы мақсаты сақталатынына ешкім кепілдік бермейді. Бейінді мемлекеттік органдар осы мәселенің анық-қанығын тексеруі керек. Себебі лагерлер орманда, көл жағасында, яғни, балаларға жайлы болатын жақсы жерде орналасқан», - деді ол.

Бұл ретте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан аталған мәселеге қатысты жіті зерттеу жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол кей жағдайда жергілікті билік демалыс үйлері мен балалар лагерлерін сенімгерлік басқаруға беретінін, бірақ олардың бастапқы қызмет ету мақсаты сақталатынын айтты.

Сондай-ақ, Кеңес мүшелері Мемлекет басшысының балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу және олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 100 жаңа нысан салу жөніндегі тапсырмасын іске асыруға қатысты мәселелерді талқылады. Білім министрлігінің мәліметінше, 5 инновациялық шығармашылық орталық пен өнер мектебі ашылған, тағы 4 мектеп жыл соңына дейін аяқталады. Ал балаларға арналған 50 сауықтыру орталығы 2026 жылға қарай толық салынады.

Жиын қорытындысы бойынша Кеңес мәслихат депутаттарына интернаттар мен өзге де балалар мекемелерінің жөндеу жұмыстарына қаражат бөлу мен оны жұмсауды бақылауды ұсынды. «Жастар Рухы» жастар қанатына люктерді, аулаларды жарықтандыруды, жол қозғалысы қауіпсіздігін тексеру бойынша «Қауіпсіз инфрақұрылым» рейд-акциясын өткізу тапсырылды. Ал өңірлік кеңестер 2023 жылы күрделі жөндеу жүргізілген интернаттарға және мектептердегі қауіпсіздік шарттарының сақталуына мониторинг жүргізуі тиіс.

Серіктес жаңалықтары