Петропавлда өрттен әйел мен 2 бала қаза болды

Өрт сөндіру барысында 3 адамның – 20 жастағы бойжеткеннің және 5 пен 1 жасар баланың денелері табылды.

Петропавлда өрттен әйел мен 2 бала қаза болды
pixabay.com
1068

Петропавлда жеке тұрғын үй өртеніп, әйел мен екі бала қаза болды, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 қыркүйек күні 101 телефон нөміріне сағат 21:35-те Петропавлдағы Волочаевская көшесі, 113 мекенжайында өрт шыққандығы жөнінде хабар түскен.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына бес минутта жеткен. Келген кезде ағаш үй отқа оранып үлгерген екен. Өрт сөндіру барысында өрт орнында 3 адамның – 20 жастағы бойжеткеннің және 5 пен 1 жасар баланың денелері табылды.
Өртті сөндіруге жеке құрамның 15 адамы және 3 техника жұмылдырылды. Жалын 19 шаршы метрді шарпыған. Өрттің шығу себебі мен келтірілген залал анықталатын болады.

Оқиға орнына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО ТЖД бастығы Ерік Сарыбаев, СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов келді.

Бұл үйдің тұрғындары халықтың әлеуметтік осал топтарының есебінде тұрған жоқ. Жергілікті атқарушы орган ҚР заңнамасы аясында көмек көрсетпек. Қаза тапқандардың туыстары және жақындарымен СҚО ТЖД психологиялық қызметінің қызметкерлері жұмыс жүргізді.

СҚО ТЖ департаменті тұрғындарды пешті жағу, электр және газ жабдықтары мен аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. 

Серіктес жаңалықтары