Күлдәрия Алтынбекова: Жиырма жыл бойы трактор айдадым

73 жастағы Күлдәрия Алынбекова жиырма жыл бойы трактор жүргізген.

Күлдәрия Алтынбекова: Жиырма жыл бойы трактор айдадым
1123

Қазақстанда 2013 жылдан бастап қыркүйектің әр соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі.  Соңғы он жылдан бері осы мереке сайын еліміздегі әртүрлі салада аянбай тер төгіп, көпшілікке еңбек етудің өзіндік үлгісін көрсетіп жүрген еңбеккерлер еленіп-ескеріледі. Олардың жүріп өткен еңбек жолы жастарды адал еңбек етуге ынталандырып, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде үлгі екені айтпаса да түсінікті.

Осы ретте «AMANAT» партиясы да «Еңбек адамы» мәртебесін қалыптастыруға  айырықша назар аударып келеді. Партияның аймақтағы филиал жетекшілері ауыл-аймақты көркеюіне орасан еңбек сіңірген азаматтарды елеусіз қалдырмайды.

Еңбектің қадірін білетін жанның бірі Күлдәрия Алтынбекова – Алматы облысы Нарынқол ауданы Қызылшекара ауылының тұрғыны. Ерлермен қатар иін тіресе еңбектенген ол 70-жылдары механизаторлық курста оқып, тракторист мамандығы бойынша білім алған. Сөйтіп, жиырма жасында алып техниканың рөліне отырып, өз ортасында тракторшы қыз атанған.

«Мен мектеп бітірген жылдары сұранысқа ие мамандықтардың бірі механизатор еді. Алғаш рет трактор жүргізіп жүргенде қиындықтар болмады емес, болды. Бірақ, арнайы слесарь мамандары маған көмектесетін. Олардың жанында жүріп, өзім де дөңгелектерді ауыстыру, істен шыққан қозғалтқышты жасау, сынған агрегаттарын қалпына келтіруді бес саусақтай меңгеріп алдым. Бас кезінде ДТ-75, К-700 техникаларын жүргіздім. Трактормен атқаратын жұмыс көп болатын. Көктем кезінде жер жырту, егін егу жұмыстарында, күзгі-жиын терін науқанында алғы шепте жүретінмін», – деді ол.

20 жыл ауыр техниканы тізгіндеген ол мемлекеттік қызметте де белсенділік көрсеткен. Күлдәрия Алтынбекова кезінде ауылдық, аудандық мәслихатқа депутат болып, ауылдағы өзекті мәселелердің шешімін табуға септігін тигізген.

«1989 жылы Абай атындағы картоп совхозында 1995  жылға дейін звеновод болдым. Ал 1983-1987 жылдар арасында Алматы облыстық Партия комитетінің пленум мүшесіне кандитат ретінде қабылданғанмын. 1978 -1981 жылдар аралығында Нарынқол аудандық партия комитетінің бюро мүшесі едім», –  деді ол.

Күлдәрия Алтынбекова адал еңбек ету жолында ең алдымен өз ісіңді сүйіп істеу керек және бойымыздан табандылық, шыдамдылық, төзімділік қасиеті табылуға тиіс дейді.

Әрекетінен берекетін тауып, әдетімен мінезін қалыптастырып, тағдырын жарастырған Күлдәрия анамыз бүгінде – 73 жаста. Осынау ордалы еңбегінің арқасында 1976 жылы Еңбектегі ерлігі үшін медалі, 1981 жылы Еңбек Қызыл Ту ордені, 2015 жылы Райымбек ауданының Құрметті азаматы медалі және 2018 жылы «Ауыл еңбегі» үшін деген медалімен марапатталған.  Қазір немерелерін бағып отырған бақытты әже олар ел қамын ойлайтын үлкен азамат болсын деп армандайды.

 

Серіктес жаңалықтары