Оралхан оралмаған сапар

"Байқаңыз, сіздің бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған.."

Оралхан оралмаған сапар
turkystan.kz
3501

"Байқаңыз, сіздің бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған.."
Қандай ауыр сөз еді, алайда астарында ақиқат жатыр екен. Біз оны кейін, көп кейін, еліміз өткенін бажайлап, оң-солын тани бастағанда ғана түсіндік...

Алып та көне Үндістан елінде бабаларымыздың ізі әлі күнге дейін сайрап жатыр. XVI-XVIII ғасыр аралығында Моғолдар империясы билеген тұста бұл елде салық жүйесі ретке келтірілген, түрлі ұлттардың бейбіт өмір сүруіне жағдай туғызылып, әл-ауқаты, қуаты артқан. Парсы-түркілік нақышта са­лын­ған көз тартар түрлі ғи­мараттар уақыт сынына төтеп бе­ріп, асқақтап әлі тұр. Соның бірі де бірегейі – Тәж-Махал. Атышулы Ақ­сақ Темірдің немересі – қолбасшы, ой­шыл, атақты «Бабырнамені» дү­ние­ге әкелген Захир-ад-дин Мұ­хам­мед Бабыр негізін қалаған, үнді же­рінде екі ғасыр билік құрған түр­кі­лер империясы әлем тарихынан өзі­нің орнын алды. Ферғана жа­зы­ғында дүниеге келген, түркінің бар­лас тайпасынан шыққан, шағатай ті­лінде сөйлеген, парсы, түркі тіл­де­рінде шығарма жазған, «пілді ерт­теген жолбарыс» деген атақ алған Бабыр бабамыз да, оның немересі Жә­леледдин Ұлы Акбар да, оның не­мересі Тәж-Махалды тұрғызған Жаһан шах та, Бабырдың бөлесі, Таш­кентте дүниеге келіп, Кашмирді би­леген қолбасшы, ақын, тарихшы, «Та­рих-и Рашиди» мен «Жаһан­на­ме­нің» авторы Мұхаммед Хайдар Дула­ти да тарихи отанына қайта оралған жоқ. Бабаларымыздың бәрі атажұр­ты­на қайта алмай не сүйегі де жет­пей, үнді жерінде мәңгілікке ты­ныс­тап жатыр.
М.Хайдар Дулати осыдан бес ға­­сырдай бұрын тәмамдаған «Та­рих-и Рашиди» шығармасында «Жер­ден көкке дейін, күннен айға дейін, Түркістанға игілігі мол Үнді жо­лына дейін, Бас июге бет алған Қап­тан Қапқа дейін, Жан-жақтан мал­шылар да ағылған» деп Түркістан мен Үндістанды қатар қоюы тегін емес екен.
Мырза Мұхаммед Хайдардың бабасы – дулат руының бегі, көсемі Болатшы 18 жастағы  Шың­ғысхан ұрпағы, төре Тоғылық Темірді Шағатай ұлысынан бөлініп шық­қан Моғолстан ханы деп жа­рия­лаған еді. Өзі ұлыстың бегі атан­ған. Бұл бұрын Маңлай Сүбе деп атал­ған Құлжадан Ферғанаға дейін со­зылып жатқан кең дала мен сан­сыз шаһарлар қонысы болатын. Сол моғолдар ұрпағы кейінірек Фер­ға­наны қойып, Кабул, одан әрі Үн­дістан­ды биледі. Жарты әлемді, маңыз­ды сауда жолдарын уысында ұста­ды, түрлі мәдениет пен діннің ба­сын қосты. Өркендеген, қуатты ел­дердің патшасы болды.
– Ал, жігіттер, енді тынығайық, таңер­тең жолығамыз ғой...
Оралхан Бөкейдің соңғы сөзі еді бұл. Тәңір жазбады, таңертең жолы­ға алмадық...
Кезінде бір кейіпкері көксе­ген­дей суреткер өзі де біле бер­мейтін мәңгі шексіздікке, мәңгі тұ­манды сапарға, мәңгілік тыншуға ат­танып кетіпті. Содан бері де талай көк­тем ауысты, жасыл желегін жа­мы­­лып талай рет келді мамыр да. Көп нәрсе өзгерді, өзгермеген тек тек­тілік туралы түсінік қана. Ор­а­ғаң­ның кітаптарын парақтамасаң оның қадіріне жетпейсің, тек сонда ғана оның бір кейіпкері айтпақшы, «адам өмірінің шын қуанышын, шын қайғысын жырлау, сипаттау екінің бірінің қолынан келмейтініне илана түсесің».
Суреткермен соңғы сапарға шық­қанға дейін екі-ақ рет, онда да көппен бірге жолыққан екенмін (айт­пақшы, Алматыдан әртістер ке­ліп, біздің ауылдағы мектеп спорт за­­­­лына «Қайдасың, қасқа құлы­ным­ды» қойғаны бар. Бас кейіпкер Құ­ман Тастанбеков болатын). ҚазМУ-дың журфагында дәріс оқитын ұстазымыз Зейнолла Серікқалиұлы біз­ді, екі-үш шәкіртті Жазушылар ода­ғын­дағы бір мәжіліске ертіп апар­ды. Келсек он шақты жазушы жиылып, Әзілхан Нұршайықов бас бо­лып, Оралхан Бөкей шығарма­шы­­лы­ғын талдау үстінде екен. Ерсілеу кө­рінгені мүйізі қарағайдай кейбір қа­ламгерлер айтатын ештеңе тап­па­ды ма, қасақана солай істеді ме, әй­теуір Орағаңа сөйлемдерің тым ұзақ, шұбалаңқы, бояуы қалыңдау, осы­ны алдағы кезде ескерсең деген сияқ­ты «жолдастық» сын айтты.
– Менің шашым ұзын, сіздердікі­не ұқсамайды, сөйлемдерім де ұзақ. Бұл – менің ерекшелігім. Бәріміз бір қа­лыптан шыққандай етіп жазсақ не болады? – деп ол кісі әріптестеріне әзіл-шынын араластыра жауап қай­тарды.
Екінші жолы Орағаңның Пуш­кин атындағы кітапханада оқыр­ман­­­дармен өткізген кездесуіне қа­тысу­дың, сұрақ қойып, қолтаңба алу­дың сәті түсті. Түсте басталған кез­­­десу қас қарая әзер бітті. Себебі осы жүздесуді теледидарға түсірген еді. Машақаты көп іс қой, «баста, тоқ­та» деп операторлар Орағаңның зы­қын шығарды-ау. Осы кездесуде қа­ламгер «Шұғаның белгісінен» үзін­ді оқыған еді. Осы кездесудегі тән­ті еткен тағы бір жайт, хабар тү­сірушілер Орағаңа беташар сөзді үш рет айтқызды, үшеуінде үш түрлі шық­ты. Ойды да, сөзді де қайта­ла­мады.
Үшінші, соңғы кездесуде су­рет­кермен жақынырақ сөй­лесіп, жанында жүріп сырын тың­дау­дың сәті түсіп еді, алайда бұл са­­­­пардың сүйінішінен өкініші ба­сым болғаны белгілі. 1993 жылдың мамырында қазақстандық бір топ жур­налист Үндістан астанасына іс­са­парға жиналды. Мақсат – Үндістан Премьер-министрінің тәуелсіз Қа­зақ­станға тұңғыш сапары алдында осы ел туралы оқырманға тереңірек, кеңірек мәлімет беру болатын. Орал­хан Бөкей бастаған топта Нұр­төре Жү­сіп, Алпысбай Шымырбаев және Қаз­ТАГ-тың, «Казахстанская правда­ның» журналистері бар еді. Ол кезде Алматыдан Делиге ұшатын тікелей рейс жоқ, амал жоқ, әуелі Шымкент­ке соғып, әрі қарай Ташкентке жол тарт­тық.
Орағаңды оңтүстік жігіттері ерекше бір ілтипатпен қар­сы алды. Алып шаһар тізгінін ұстап отыр­ған, өзі де өлең жазатын ақын­жанды азамат Қуанышбек Төлеметов (кейін Мәжіліс депутаты болды) бас­таған шымкенттіктер барша қа­зақ сөзіне дұғадай ұйып, төбесіне кө­теріп, аялаған қаламгердің аяқ-қо­лын жерге тигізген жоқ. Өз елінде көрген соңғы құрметі осы екен ғой...
Өзбекстан астанасына жетуін жет­кенмен, әрі қарай өтудің әуре-сар­саңы көп болды. Тәуелсіздіктің буына мас болған өзбек ағайындар әсі­­­ресе,  әуежайда қарулы қарақшы­ны тексергендей біздің қойын-қо­ны­шымызды түгел тінтті. Өстіп жа­бығып, сарылып жүріп тексеру бе­кетінен де өттік-ау. Сөйтсек,  Ора­ғаң бір түбіртек қағазын түсіріп алып­ты. Жол жүрмей жатып жоқ із­де­дім, бұл жақсы ырым емес деп әрі-бері сабылып, әлгі қағазды бәрі­бір таба алмады. Неге сонша таусыл­ды екен деп ойладық та қойдық.
Үндістанға келгенде де Орағаң топтан бөлініп, жалғыз өзі үй ішіне ертерек базарлық сыйлық сатып алды.
– Жеңгелеріңді бір қуантайын, – деп келісті көйлек алғаны есте қа­лып­ты.
– Алтайға барғанда балаларға қа­жет болады, өзі бір ерекше нәрсе екен, – деп екі қолшатыр сатып ал­ды. Бұл өзі бас киім сияқты басқа киіп алатын шатыр еді... Тіпті, жүр­гізу­шісіне кілтбау алуды да ұмытқан жоқ. Ал бұл кезде сапар жаңа бастал­ған болатын.
– Мен өзім мәртебелі сыйлық алу­ға, кітап шығаруға жұрт сияқты ті­зім­ге еніп, кезекке тұрған емеспін. Қа­ламның қасиеті, қарымы шығар, бәрі де оңай келгендей, Мемлекеттік сый­лық та дау-дамайсыз берілді. Мүм­кіндік, қабілет-қарымыңды көр­сетер қызмет кештеу тигендей, – деп еді Орағаң Делиде бізді құрметтеп жайғастырған бес жұлдызды «Тәж-Ма­хал» қонақүйінің мейрамхана­сын­да інілерімен оңаша отырған бір сәт­те. Жалпы, Делидегі кештерде Ора­ғаң алыста, Алатаудың бау­райын­­да қалған әріптестері, кейіп­кер­лері туралы көп әңгіме қозғады. Ала­таудың етегінде кезіксе жаңа ға­на танысып-біліскен бозбалаларға бұ­лайша сыр ашпасы анық еді, Гима­лай­ға келгенде бүкпесіз болды. Әлде, оның ішкі әлемі соңғы сағаттары со­ғып жатқанын білдіріп, айт, айта түс, айтып қал деп хабар берді ме екен, кім білсін?!

Делидегі маңызды мемлекет­тік мекемелерде болып, лауа­­­­зымды адамдармен жолығысуға екі күнді арнадық. Көлікке мінсек, оқ­қағарлар да бізбен бірге жайға­са­ды, сығылысып әзер отырамыз. Ми­­­­нистрлік алдында қарулы қа­рауыл. Сөйтсек, мұнда терроризм қауіп-қатері үлкен екен. Индира Ган­ди де оққа ұшып еді-ау кезінде. Со­сын бізді астанадан 200 шақы­рым­­дай жердегі Агра қаласына кө­лік­пен алып кетті. Әлемдегі жеті ке­­­реметтің біріне жатқызып жүрген, ке­зінде ұлы Әуезов тамсанған, Әлім­жанов суреттеген, Рабиндранат Тагор «Мәңгілік жаратылыс бетіндегі көз жасы» деп бағалаған, ақ мәр­мәр­ден тұрғызған, кіршіксіз ұлы сезім­нің белгісіндей Тәж-Махал кесене­сі­не келдік. Осынау үнді-парсы-түркі на­қышындағы ғажайып туындыны салғызған Ұлы Моғолдар ұрпағы – Шах Жаһан бабамыздың талғамына ғана емес, сүйген жары Мумтаз Ма­хал­ға деген ұлы сүйіспеншілігіне, тек­тілігіне де бас иіп, кештете Де­ли­ге қайтып оралдық. Сол күні, яғни 16 мамырда кешке Үндістанның Сыртқы істер министрлігі қазақ­стан­дық журналистер құрметіне ар­найы қабылдау жасады, ертеңіне ел басшысы – Премьер-министрмен кездесіп, сұхбат алу жоспарланған еді. Әлгі қабылдауға Делиде тір­кел­ген шетелдік журналистер де ша­қы­рыл­ған екен, аға болып үйренген ре­­сейлік әріптестер «сендерге өзі ерек­­ше құрмет көрсетілді ғой» деп таң­­данысын жасырмады. Осы са­пар­ға шығарда мен отырарлық ше­бер, музыкант Кендебай Қарабдалов жасаған үскірікті ала шығып едім. Әлгі кездесуде Орағаң Отырар үскі­рі­гін қазақстандықтар атынан тап­сы­рып тұрып: «Мынау – Отырардан, қа­зақ даласынан, көне өркениеттен жет­кен сый. Осында билік құрған біз­дің бабаларымыз да ғажап ескерт­кіш­тер қалдырған екен, жаңа ғана Аг­радан оралдық» деп көне тарих­тың үнділіктерге қиындау тиетін, ал біз­дің еңсемізді көтеріп, мәр­те­бе­міз­ді өсіре түсетін тұстарына арнайы тоқ­талды. Осыған ызаланды ма, қа­­­был­дауды ұйымдастырушылардың бірі әзілдеген болып:
– Байқаңыз, сіздің бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған, – деп қойып қалды...
Сол кеште Орағаң мазасыздау күй кешті. Тіпті, даяшылар ал­­­дына алып келген тағамнан да дәм тат­пады. «Ас алсаңызшы» деген өті­ні­ші­мізге «бүйрегім ауырып,  мазам бо­лыңқырамай тұр» деп салқын жауап қатты. Сыртта күн шыжғырып тұр, тыныс алу мүмкін емес, ал ғи­марат ішінде қатты суық – сырттан бар­ған адамға зияны көп екен.
Қабылдау іңірге дейін созылды, со­сын өзіміз бауыр басып қалған «Тәж-Махал» қонақүйіне қайта орал­дық. Ертең ертемен Премьерге ба­рамыз, ұйықтап қалмай төменде жо­лығайық деп уағдаластық та, 11-қабаттағы бөлмелерімізге тарас­тық. Бізге құрмет көрсетіп, жеке-же­ке бөлмеге жайғастырған еді.
Азанда жуынып жатқан бетім еді. Алпаағаң – Алпысбай жүгіріп кел­­­ді. Жүзі әлемтапырық.
– Анда Орағаң, оятса тұрмайды... Есі­­­гін ашпайды...
Жүгіріп бөлмесіне келдік, ке­­зекші есікті өзі ашты, Ора­ғаң қолын жүрегіне қойған күйі ұйық­тап жатыр екен.
– Ораға, тұрыңыз, – деп кеуде­сі­не қойған қолын ұстап едім, сұп-суық екен. Сол ұйықтаған қалпы түн ор­тасында арғы әлемге апарар арба­ға мініп, аттанып кеткен екен... Әлем­нің сегізінші кереметі атанған, мәң­­­­­гілік махаббаттың символы – Мум­таз Махалға арналған ерекше ес­керткішті көріп қайтқан күні адам­затқа деген мәңгілік махаббатты шы­ғармаларының өзегіне айнал­дыр­ған суреткердің жүрегі де мәң­гі­лікке тыншыды. Ұлы бұлқыныстарға тө­теп бере алмады-ау...
Абыр-сабыр басталып кетті. Түс кө­ріп жүргендей хал кештік. Түнде ға­на қоштасып едік-ау, сене алар емес­піз. Қазақ журналистері  Пре­мьер-министрмен сұхбатқа да бар­ма­дық. Алматыға жағдайды баяндап, мен өзім қолмен жазып, факс ар­қы­лы жеделхат жолдадық. Орағаң үзіл­ген бөлмедегі былғары папкі мен түр­лі конверт қағаздарды, әлгі же­дел­хатты сөмкеме салып алдым. Кейі­­­ні­рек қарындасы Ғалия Бөкейге тап­сыр­дым. Мұражайдағы ерекше жә­ді­гер болатыны сөзсіз.
Аптабы апта бойы апшы қуыр­ған Делиде сол түні найзағай ойнап, нө­сер селдетті.
Мұз құрсанған Мұзтаудан мұз­балақша ұшып шығып, әсем Алатау етегінде арманын әл­ди­ле­ген, атау кересін әлемнің шыңы – Гималай жанында ішкен қаламгер ұлы­лық пен биіктікке деген құштар­лы­ғын өзімен мәңгі бірге ала кетті.
Біреулер айтады: еркіндігін аңса­ған Кербұғы тіпті де өлген жоқ...
Біреулер айтады: еркіндік алған бұ­ғылар тек қана о дүниеде...
Бәлки, Кербұғы жүзінен мұңның ізі жоғалған мұңлықтардан жеріген шы­ғар... Бәлки, Кербұғы күлкітоқ­тық­ты ту етер қоғамнан бойын ау­лақ салды ма? Ол жағы Жаратқан ие­мізге ғана аян...
«Егер  ертеңгі күні көзің жұ­мы­лып кетсе, бата оқылып, бет си­па­ла­ды. Қырық күннен соң ұмытыласың. Қан­дай сорлы әрі аянышты пенде де­ген. Мынау жалғанға келіп-кет­ке­ніңді кім білер, кім сезер?» деген екен Орағаңның бір кейіпкері. Иә, пен­дені естен шығару, ұмыту оп-оңай, ал ұмытылмас, қайталанбас туын­ды сыйлаған суреткер елінің жадынан өшпейді...

Еркін ҚЫДЫР
 

Серіктес жаңалықтары