Депутаттар елордадағы емдеу мекемелерінің жағдайымен танысты

Асхат Аймағамбетов бастаған депутаттар Астана қаласындағы денсаулық сақтау нысандарын аралады.

Депутаттар елордадағы емдеу мекемелерінің жағдайымен танысты
1191

Қазан айында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі бойынша Үкімет сағаты өтеді. Осыған орай, Мәжілістің Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бастаған депутаттар Астана қаласындағы денсаулық сақтау нысандарын аралады. Емханалар мен ауруханаларға барып, мәселелерді дәрігерлер мен емделушілердің өздерінен естіп қайтты.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары – Нұргүл Тау, Дәулет Мұқаев, Таңсәуле Серіков, Жұлдыз Сүлейменова, Гауһар Танашева, Үнзила Шапақ қатысты.

Алдымен депутаттар №9 қалалық емхана жұмысымен танысты. Мекемедегі емделушілер мен медицина қызметкерлері МӘМС аясында енгізілген ақпараттық жүйедегі кемшіліктерге шағымданды. Медициналық қызмет алу үшін тұрғындар апталап, тіпті айлап кезек күтуге мәжбүр. Консультациялық-диагностикалық қызметке тіркелу кезінде де осындай мәселелер туындайды. Мұнда депутаттар медицина қызметкерлеріне арналған екі дерекқорды біріктіру кезінде дәрігерлердің қандай қиындықтарға тап болатынын өз көздерімен көрді. Бұл қызмет көрсету уақытына айтарлықтай әсер етеді.

Бұдан соң Комитет мүшелері №2 көпбейінді балалар ауруханасына табан тіреді. Мұнда жедел медициналық көмекке Астана қаласының ғана емес, республика тұрғындары да жүгінеді. Аурухана директоры Гүлнар Құлышева Мәжіліс депутаттарына мекемеге арнайы келіп, мәселелерге көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді. Олардың негізгісі – бүкіл жүйенің шұғыл көмек көрсетуге қабілетсіздігі және балалар мен ересектерге қызмет көрсету тарифтерінің айтарлықтай айырмашылығы.

– Біздің аурухана 18 жасқа дейінгі балаларға шұғыл көмек көрсетеді. Негізгі мәселе – сызықтық шкала. Жүйеге сай біз қабылдайтын балалардың саны мақсатты көрсеткіштен аспауы қажет. Жедел жәрдем мұндай сызықтық шкалаға сәйкес келмейді, бірақ біз пациенттерден бас тарта алмаймыз. Екінші – клиникалық-шығынды топтарын ұлғайту қажеттілігі. Ал үшіншісі – дәрігерлерді ата-аналардың ұрып-соғуынан қорғау. Біз құзырлы органдарға хабарласамыз, мәселелерді шешу уақытты қажет ететінін де түсінеміз, – дейді Г.Құлышева.

​Мәжілісмендер емдеу нысандарындағы жағдайды тек сол мекеменің емес, бүкіл елдің мәселесі деп қарау керектігіне назар аударды.

– МӘМС жүйесі бойынша сұрақ тым көп. Мәселелерді көтеріп қана қоймай, оған заңнамалық тұрғыда өзгерістер керек болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Айына осынша адам келеді, соған ғана қаражат алады деген сызықтық шкала бойынша қаржыландыру жүйесі енгізілген. Осы шешімнің кесірінен азаматтар зардап шегуде. Сондай-ақ балалар мен ересектер ауруханаларына мемлекеттен төленетін қаржы бойынша тариф айырмашылығы өте үлкен. Бұдан бөлек емделушілердің медицина қызметкерлеріне қол көтеру мәселесін де айтып қалды. Сондықтан дәрігерлерді қолдау үшін кешенді шаралар қабылдауымыз қажет, – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан соң мәжілісмендер №1 көпбейінді ауруханаға барып, жағдайды біліп қайтты. Мекеме басшылығы жүктеменің артуына байланысты қосымша операция бөлмелерін ашу жоспарланғанын жеткізді.

Депутаттар қатерлі ісіктердің алдын алу, ерте диагностика жасау, қала тұрғындарын қолжетімді, уақытылы әрі жоғары технологиялық онкологиялық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған көпсалалы медициналық орталықта да болды.

– Ғимарат 2009 жылы салынғанына қарамастан ескірген. Бұдан бөлек, мұнда кейбір емдеу аппараттары істен шыққан. Оны жөндейтін мамандар және онкологтар мен ангиографтардың да жетіспеушілігі байқалып отыр, – деді депутат Дәулет Мұқаев.

Ауруханалар мен емханаларда көтерілген бұл мәселелер алдағы Үкімет сағатында талқыланады. Депутаттар денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулер аясында Парламент деңгейінде Үкіметпен бірлесіп тиісті шешімдер қабылданатынын мәлімдеді.

 

Серіктес жаңалықтары